ЕАДБ: өңірдегі инфляция баяулай бастады

Жарияланды
Фото: архив kursiv.media

Ішкі көздердің арқасында ЕАЭО мүше-мемлекеттердің ЖІӨ өсімі 2023 жылдың қаңтар-мамырының қорытындысы бойынша 1,1 пайызға артқан. Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) сарапшыларының айтуынша, елдер 2022 жылғы шоктан кейін жаңа экономикалық жағдайға тез бейімделді. Бұл жайлы ЕАДБ-ның кезекті макроэкономикалық шолуында айтылады.

«Дамыған елдердегі пайыздық ставканың көтерілуі іскерлік белсенділікті тежеп тұр және бұл әсер барған сайын айқын бола түсуде. АҚШ-тың жетекші индикаторлар индексі құлдырау қаупінің жоғары екенін көрсетеді. АҚШ және ЕО экономикасындағы рецессия тәуекелі жоғары және сақталып отырған жоғарғы инфляцияға қарамастан елдер үкіметін ақша-несие саясатын жұмсартуға итермелейді. Бір жағынан сұраныстың әлсіреуі және екінші жағынан жоғарғы баға өсімінің сақталуына ұшырап отырған ақша-несие қадағалаушылары қиын жағдайда қалып отыр», дейді ЕАДБ бас экономисті Евгений Винокуров.

Ол өңірдегі инфляцияның баяулай бастағанын айтады. Биыл мамырда инфляция 2022 жылғы желтоқсандағы 12,4 пайыздан 4,2 пайызға дейін баяулады. Беларусь, Ресей және Тәжікстанда инфляция мақсатты бағдарлаудан төмен болып тұр, Ал Арменияда маусымның қорытындысы бойынша дефляция тіркелді.

Қазақстанда баға өсімі төртінші ай қатарынан баяулап жатыр. Мұндай динамикаға өткен жылғы күйзеліс әсерлерінің сарқылуы және бірқатар елдерде ұлттық валютаның нығаюы және бағаларды әкімшілік реттеу ықпал етіп отыр. Өңірдегі елдердің басым көбі үшін азық-түлік және өзге де шикізат тауарларының бағасы ерекше маңызға ие.  

ЕАДБ сарапшыларының айтуынша, Қазақстанда жоғары инвестициялық белсенділік аясында экономикалық өсімнің оң динамикасы сақталып отыр. Инфляция бәсеңдеуді жалғастыруда, бірақ әлі де жоғары күйінде қалып отыр. Ұлттық банк инфляцияның төмендеу үрдісін бекіту мақсатында базалық ставканы сақтап қалды.

«2023 жылдың қаңтар-мамырында Қазақстан ЖІӨ-сі 4,5 пайызға өсті. Өсімнің негізгі драйвері – құрылыс (12,1 пайыз), сауда (10,2 пайыз), байланыс және ақпарат (9,1 пайыз) салалары. Өнеркәсіп (3,5 пайыз), ауыл шаруашылығы (3,7 пайыз), транспорт (6,7 пайыз) салаларында да оң динамика тіркелді», деп дерек ұсынады.

ЕАДБ сарапшыларының бағалауынша, биыл біздің ЖІӨ 4,3 пайызға өсім көрсетеді.

«2023 жылы қаңтар-мамырда өнеркәсіптік өндіріс көлемі 2,4 пайызға ұлғайды. Энергетикалық сектордағы өндіріс өсімі де қарқын ала түсті. Тау-кен және өңдеуші өнеркәсіптегі айналым төмендеді. Машина жасау қарқыны да біршама баяулады. Біздіңше, Теңіз мұнай кен орнындағы жаңа қуаттылықтың кезең-кезеңімен іске қосылуы жылдың екінші жартысында тау-кен саласындағы өсімнің қалпына келуіне себеп болады. Экономиканы әртараптандыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы өңдеуші саладағы оң динамиканы қалыптастыруға қажетті жағдай жасайды. Жыл басынан бері негізгі капиталға салынған инвестиция 17,2 пайызға өсті. Машина, құрылғы, транспорт сатып алуға жұмсалған шығындар 22,3 пайызға ұлғайды», делінеді ЕАДБ шолуында.

Олар инвестициялық белсенділік, Теңіз кен орнының кеңею жобасы экономикаға айырықша қолдау көрсетеді деп бағалайды.

Сонымен қатар даму институтының аналитикалық тобы жалпы ішкі өнім келер жылы 4,4 пайызға дейін жоғарылайды деп күтеді. Олардың пайымдауынша, үкіметтің кәсіпкерлікті дамыту және инвестицияны белсенді ете түсу бойынша қабылдап жатқан шаралары мұнай бағасының төмендеуінен туындайтын теріс эффектіге тежеу болады. Өз кезегінде сарапшылар жыл соңына дейін инфляция 7,9 пайызға дейін баяулайды деп бағамдайды. Бұған әлемдік нарық тарапынан баға қысымының азаюы әсер етпек.

Сондай-ақ оқыңыз