Үш мемлекеттік аудитор парамен ұсталды

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Білім беру саласындағы былықты мемлекеттік аудиторлар жасырып келген. Бұл жайлы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім беру саласындағы ірі жымқыруларды тергеуді жалғастыруда. Қылмыстар мемлекеттік аудиторлардың жасырушылығымен жасалғаны қылмыстық істердің материалдарымен расталды. Мәселен, Жетісу облысында бюджет қаражаты «өлі жандардың» шоттарына ақша аудару және мектеп қызметкерлерінің жалақысын асыра есептеп, кейіннен оларды қолма-қол ақшаға айналдыру мен иемдену арқылы ұрланған», деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Тергеу барысында Алматы облысы Тексеру комиссиясының мемлекеттік аудиторы 500 мың теңге көлемінде пара алғаны әшкереленген. Ол қаражатты Талдықорған қаласындағы мектептердің бірінде аудиторлық тексерістің оң қорытындысы үшін алған. Қазіргі уақытта аудитор сотқа тартылған.

Сонымен бірге осыған ұқсас жағдай Алматы облысында да тіркелген. Онда облыстық тексеру комиссиясы бөлімінің басшысы Қарасай ауданының білім бөлімінің бухгалтерінен аудиторлық тексерудің оң нәтижелері үшін 1 млн теңге сомасында пара алған. Бұл факті бойынша Алматы облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

Сонымен қатар, Түркістан облысында мемлекеттік ревизор – облыстық Тексеру комиссиясының бас инспекторы парақорлықпен әшкереленді. Ол Сарыағаш ауданындағы мектептердің бірінде аудиторлық тексерістің оң қорытындысы үшін 26 млн теңге көлемінде пара алды деп күдіктелуде. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.

Сондай-ақ оқыңыз