«Самұрық-Қазына» өз активтерін 100 миллиард долларға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр
«Самұрық-Қазына» мемлекеттік холдингі 2026 жылдың соңына қарай активтерін 100 миллиард долларға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Холдингтің 2023 жылдың басындағы активтері 72 миллиард долларды құрады. Бұл жайлы Kursiv.Media тілшісі жазды.
«Мен қорды басқаруға алғанда оның активтерінің жалпы құны 72 миллиард доллар болған. 2026 жылдың соңына дейін қордың барлық активтерінің құнын, яғни кәсіпорындар мен Қазақстан халқына тиесілі компаниялар құнын 100 млрд долларға жеткізу үшін бар күшімді саламын», деп мәлімдеді «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.
Сонымен бірге, мемлекеттік холдинг жыл басында 72 миллиард долларды құраған активтерін жыл соңына дейін 78 миллиард долларға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Қордың кірісі 2022 жылы 14,8 трлн теңгені құраған. Ал 2023 жылы оны 16,5 трлн теңге деңгейіне жеткізу жоспарланған. Бұл ретте қаңтар-мамыр айларындағы кіріс 5%-ға азайып, 6,08 трлн теңгені құрағанын атап өткен жөн. 2023 жылдың соңында таза пайда 1,939 триллион теңге болады деп күтіледі. 2022 жылы бұл сома 1,922 триллионды құраған.
Активтердің өсуіне тарифтердің көтерілуі әсер етуі мүмкін. Бұл орайда мемлекеттік холдинг құрамына кіретін ұлттық компаниялар өз қызметтері мен тауарларына тарифтерді көтеруді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, «ҚазМұнайГаз» АИ-92 көтерме тарифтері 8%-ға, QazaqGaz газға көтерме және бөлшек сауда бағаларын 12,2% және 8%-ға өсірсе, «Самұрық-Энерго» электр энергиясын 9-30%-ға, «Қазақстан темір жолы» магистральдық теміржол желісінің қызметтері 28,4%-ға көтеріледі. Магистральдық су құбыры арқылы сумен жабдықтау, газды, жылу энергиясын тасымалдау, транзиттік және экспорттық, локомотив тарту тарифтеріне де өзгеріс енгізу пысықталып жатыр.
Мемлекеттік холдингтің кірісі 2022 жылы 26%-ға өсіп, 14,78 трлн теңгені құрады. «Самұрық-Қазына» қорының хабарлауынша, таза пайда 1,9 трлн теңгені құрады, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18%-ға артық. Бұл ретте Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтында жарияланған жылдық есепте оның жылдық пайдасы 2,4 трлн теңге деп көрсетілген. Қор 2021 жылы 1,9 трлн таза пайда тапты. Мұнай бағасы корпоративтік бюджетке Brent маркалы мұнайдың барреліне 90 доллар деңгейінде енгізілді, ал нақты баға мұнайдың барреліне 100 доллар деңгейінде.
2022 жылдың қорытындысы бойынша төленген салық сомасы 1,7 триллион теңгені құрады, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 529 миллиард теңгеге артық. Топтың номиналды қарызы өткен жылы 9,8 триллион теңгені құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 220 миллиард теңгеге аз.
«Самұрық-Қазынаның» жалғыз акционері – Қазақстан үкіметі.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры бұл табысының 7 пайызын «Қазақстан халқына» қорына аударып отырады. 27 маусым күні қордың жалғыз акционері – ҚР Үкіметі өз Жарғысына осындай өзгеріс енгізді.
Сонымен бірге 26 маусымда Самұрық-қазынаға қарасты «Самұрық-Энерго» холдингі 24 миллиард теңгеге қосымша акция шығарып, Қазақстан қор биржасында орналастырылатыны хабарланды. Барлығы 95,4 мың теңге болатын 235,5 мың жай акция шығарылады деп жоспарланып отыр.