Жеке меншікке өтіп кеткен кейбір ЖОО активтері мемлекетке қайтарылады

Жарияланды

Фото: Үкімет

Жеке меншікке өтіп кеткен кейбір жоғары оқу орындарының акивтері мемлекетке қайтарылады. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов орталық мемлекеттік органдар, Бас прокуратура, БҚДА, ҚМА және басқа да ведомстволар басшыларының қатысуымен өткен Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысында осындай тапсырма берді.

Баспасөз қызметі жариялаған ақпаратта жиналыста жоғары білім саласындағы бұрын жеке меншікке өткен кейбір активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін талқыланғаны жазылған.

«Премьер-Министр құзырлы мемлекеттік органдарға тиісті құжаттар мен шарттарды тексеріп, олардың заңдылығына құқықтық баға беруді тапсырды. Бұл ретте Әлихан Смайылов аталған оқу орындарындағы оқу процесінің толық тұрақтылығын қамтамасыз ету қажеттілігіне тоқталды, өйткені басталған тексеру студенттерге де, университет қызметкерлеріне де қатысты емес», делінген баспасөз хабарламасында.

Сонымен бірге кеңесте Қарағанды облысының 30-ға жуық елді мекенін электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған жекеменшік энергетикалық компанияның жұмысы да қаралған.

Атап айтқанда, кәсіпорын меншігіндегі электр желілерінің әбден тозығы жеткені айтылған. Жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, апаттық бригадалар да тапшы болып шыққан. Жалпы тексеріс барысында анықталған бұзушылықтар жойылмаған болып шыққан. Осыған байланысты электр қуаты жиі себепсіз өшіп қаладды. Тұрғындардан электр қуатының тапшылығына, кері байланыстың толық болмауына және тағы басқа мәселелер бойынша шағымдар келіп түскен.

Әлихан Смайылов кәсіпорынға қатысты жиналған материалдарды талдау және қалыптасқан жағдайға құқықтық баға беру үшін Бас прокуратураға беруді тапсырды.

Сондай-ақ кеңес барысында теміржол көлігі саласында да бірқатар монополияға қарсы шараларды жүзеге асыру мәселесі қаралған.

Естеріңізге сала кетсек, 1 маусым күні Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ғалымдары оқу орнының есебінен шығарылған активтерді қайтару мәселесін көтерген болатын. Шығарылған активтер құрамында 1000 орындық 3 студенттік жатақхана, жалпы ауданы 18828,5 шаршы метрді құрайтын 5 оқу-зертханалық корпус, жалпы алаңы 1,8 га болатын жаттығу-спорт кешені бар 1 стадион, жалпы ауданы 700 шаршы метр болатын әкімшілік ғимараттар мен басқа да жылжымайтын мүлік объектілері бар.

Сондай-ақ оқыңыз