Алматы әкімдігі 2 құрылыс нысанының мердігерлерін сотқа берген
Фото: kursiv.media
Алматы қаласында құрылысы бітпеген 2 нысан медігерлері сотқа берілді. Бұл жайлы Алматы қаласы әкімдігінің баспсаөз қызметі хабарлады.
Қала басшысы Ерболат Досаев проблемалық әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарының құрылысын тексерген. Нәтижесінде салынып жатқан проблемалы нысандарды аралап, құрылыс жұмастарының белгіленген кестеден ауытқып кеткенін анықтаған.
Атап айтқанда, әкім № 9 мектеп-интернаты мен балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының жаңа ғимараттары мен скейтпен сырғанау аймағы бар жаңа саябақ, сондай-ақ Гагарин даңғылы бойындағы жылу магистралінің құрылыс барысымен танысқан.
«Қала басшысы сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған № 9 мектеп-интернаттың жаңа ғимаратын қарап шықты. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2021 жылдың 20 шілдесінде басталды. Жобаны түзетуді ескере отырып, мердігерлік ұйым құрылысты өткен жылдың соңына дейін аяқтауы керек еді. Желтоқсан айында «Barat & Co» ЖШС мердігеріне қатысты ұзартылған мерзімді бұзғаны үшін сотқа талап арыз берілді. Сот талқылауынан кейін жұмыстар қайта жанданды. Бүгінгі таңда нысан 95%-ға аяқталды», деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Сонымен бірге Ерболат Досаев құрылысы 2021 жылдың тамыз айында басталған Бостандық ауданындағы балаларға шұғыл көмек көрсету орталығының жаңа корпусының ғимаратын аралаған. Бұл нысан құрылысын мердігер 2022 жылдың желтоқсанында аяқтауы керек болған. Бірақ құрылыс уақытында аяқталмаған. Наурыз айында әкімдік пайдалануға беру мерзімдерінің бұзылуына байланысты «Ақ ордасы корпорациясы» ЖШС-ын сотқа берген. Нәтижесінде нысандағы жұмыстар жаңартылып, күшейтілген режимде жүргізіле бастаған.
«Бүгінгі таңда нысандағы жұмыстар 85%-ға аяқталды, жабдық 96%-ға сатып алынды. Әкім жаңа корпус ғимаратының құрылысын тамыз айының соңына дейін аяқтауды, бұл ретте жақын орналасқан №12 аурухананы ескере отырып, Орталық ғимаратына бірыңғай кіру аймағын ұйымдастыру мәселелерін алдын ала пысықтауды тапсырды. Жалпы, қуаттылығы тәулігіне 300 келуші болатын жаңа корпус балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», делінген хабарламада.
Содан кейін шаһар басшысы Алмалы ауданындағы жаңа саябақ аймағына барып, нысанның құрылыс нормалары мен ережелеріне толық сәйкестігін тексеруді тапсырды. Саябақтың қоғамдық кеңістігін абаттандыру бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары 95% орындалған.
Әкім Гагарин даңғылы бойындағы жылу кешенінің 1-6 жылу энергиясының орталық транзиттік-бөлу пунктіне дейінгі жылу магистралін қайта жаңарту қарқынын тексерген. Бұған дейін тұрғындар жүргізіліп жатқан жұмыстардың төмен қарқынына қатысты шағымданған. Қала басшысы бұл көшедегі жұмысты уақтылы аяқтап, тамыз айының соңына дейін қозғалысты ашуды тапсырды.