Ресейде микрокәсіпорын ретінде тіркелген компания Мойынқұмда мыс өндіруге 66,8 млн доллар салады

Жарияланды
Фото: Жамбыл облысының әкімдігі

«Урал құрылыс одағы» компаниясы Жамбыл облысындағы Мойынқұм ауданында мыс өндіруге инвестиция салатыны туралы ресейлік БАҚ 18 шілде күні жария етті.

Бұл келісімге Екатеринбург қаласында өткен «ИННОПРОМ-2023» халықаралық өнеркәсіптік көрмесі аясында қол қойылғаны туралы ақпаратты Жамбыл облысының әкімдігінің баспасөз қызметі 12 шілде күні хабарлаған болатын.

Ақпаратқа сәйкес, осы көрме аясында Ресейлік компанияларға Жамбыл облысының инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылған. Жамбыл облысының аумағында инвестициялық жобаларды іске асыруға Ресейдегі өңдеу өнеркәсібі мен энергетика саласындағы ірі компаниялар – Урал эластомерлік тығыздау зауыты, Piton Electric, «КОНАР» өнеркәсіптік тобы, «ЭНЭЛТ» компаниялар тобы қызығушылық танытқан.

«Жамбыл облысының әкімдігі мен Урал құрылыс одағы арасындағы жалпы көлемі 66,8 млн. АҚШ долларын құрайтын Мойынқұм ауданында мыс өндіру бойынша инвестициялық жобаны іске асыру туралы келісім шартқа қол қойылды. Тікелей шетелдік инвестицияларды тартуға бағытталған жұмыстар жалғасатын болады», делінген әкімдік хабарламасында.

Айта кету керек, ресейлік заңды тұлғалар мен кәсіпорындар реестрінде «Урал құрылыс одағы» компаниясы 2016 жылы шағын кәсіпорын ретінде тіркелген. Жарғылық капиталы 100 мың рубль ретірнде көрсетілген. Компания сайтында Ресейдің Оренбург облысындағы Гай қаласында мыс өндіретін жобамен айналысатыны туралы ақпарат келтірілген.

Екатеринбург қаласында тіркелген бұл компания 2021 жылы 75300 рубль салық төлеген.

Бір қызығы осы компания 2020 жылы 4.327 млн.рубльге екі қызмет жеткізіп берген, екеуі де жол жөндеумен байланысты (автомобиль жолын жөндеу және тротуар жөндеу) қызметтер.

Ресейлік заңды тұлғалар мен кәсіпорындар реестрінде компанияның 2022 жылғы табысы 924 мың рубль деп көрсетілген.

Ал, Жамбыл облысының әкімдігі мыс өндіруге байланысты қол қойылған келісім-шарттың талаптары туралы ақпарат бермепті.

Сондай-ақ оқыңыз