Қаржы пирамидасы азаматтарды 769 млн теңгеге алдаған

Жарияланды (жаңартылды )

Фото: kursiv.media

Қаржы мониторингі агенттігінің Батыс Қазақстан облысындағы департаменті жұртты 769 млн теңгеге алдаған «Chia Tai Pharmaceutical» компаниясының өкілдеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Бұл жайлы агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.

«Chia Tai Pharmaceutical» қаржы пирамидасын басқару фактісі бойынша сотқа дейін тергеуді ҚМА БҚО бойынша департаменті жүргізіп жатыр. Бұл компания өзін инвестициялық ұйым ретінде көрсетіп, жоғары және тұрақты табыс әкелуге уәде берген. Сонымен бірге, «Chia Tai Pharmaceutical» жеке тұлғалардан ақшаны алып, кәсіпкерлік қызметке пайдаланбай, қатысушылар арасында қайта бөлген. Келтірілген шығын көлемі бүгінде 769 млн теңгеден асады», делінген баспасөз хабарламасында.  

Қазіргі уақытта қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікті ұсталып, сот санкциясымен екі ай мерзімге қамауға алынған.

Агенттік қаржы пирамидасының қызметіне тап болған азаматтардан тұрғылықты жері бойынша экономикалық тергеу департаментіне хабарласуын сұрайды. Сондай-ақ азаматтарды қырағы болуға және жинақтарын күмәнді қаржы институттарына салмауға шақырады.

Қаржылық мониторинг агенттігі тұрғын үй сатып алу бойынша жалған бағдарлама жасаған азаматтың заңсыз әрекеті әшкереленгенін хабарлады. Алаяқтарға халық 450 млн теңгеге алданған.

Ал 23 маусым күні халықты шығынға батырған Mudarabah Capital қаржы пирамидасына қатысты сот үкімі шықққан болатын.

Сондай-ақ оқыңыз