Үкімет МАЭК-ті жөндеуге 5 млрд теңгеге жуық қаражат бөлді
Фото: kursiv.media
МАЭК-ті жөндеу жұмыстарына ҚР Үкіметінің резервінен шамамен 4,9 млрд теңге сомасында қаржы бөлінді, деп хабарлайды Үкімет үйінің баспасөз қызметі.
«Қазақстан Үкіметі тарапынан Маңғыстау атом энергетикалық кешенінің (МАЭК) сенімді әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін жедел шаралар қабылданып жатыр. Маңғыстау облысы әкімдігінің сұранысы бойынша МАЭК-те жөндеу жұмыстарын жүргізуге ҚР Үкіметінің резервінен шамамен 4,9 млрд теңге сомасында қаржы бөлінді. Бұған қатысты ҚР Үкіметі тиісті қаулы қабылдады», делінген баспасөз хабарламасында.
Бұл қаражатқа «МАЭК» ЖШС ұсынған тізім негізінде қажетті қосалқы жабдықтар мен тораптар компоненттері сатып алынады.
Бұған дейін МАЭК пен АМӨЗ-де орын алған апаттардың себептерін тексеру жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысының қорытындысына сәйкес энергия кәсіпорындарының жұмысындағы жүйелік кемшіліктер анықталған болатын. Келешекте мұндай дағдарыстық жағдайлардың алдын алу үшін Үкімет бірқатар шұғыл әрі жүйелі шараларды қолға алмақ.
Бірінші кезекте «МАЭК» ЖШС-ын жаңғыртып, күрделі жөндеу өткізеді. Снды-ақ батыс энергетика аймағын нығайтылады және АМӨЗ-ді сыртқы электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету үшін өзінің жеке энергия көзін салу жоспары бар. Сонымен қатар кешенді шаралар қатарында батыс аймақты Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесімен байланыстыру мәселесі де бар.
«Апаттық жағдайдағы құрамдас бөліктерді ауыстыру электр стансаларының генерациялаушы жабдықтарын тоқтату және тұтынушылар үшін шектеулер енгізу тәуекелдерін барынша азайта отырып, жабдықтың техникалық жай-күйі мен жұмысқа қабілеттілігін сақтауға және жұмыс кезінде олардың сенімділігі мен қауіпсіздігін бақылауға мүмкіндік береді», деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Еске сала кетсек, МАЭК-тегі апаттан соң мемлекеттік комиссия құрылып, тексеріс жүргізді. Нәтижесінде МАЭК-те апат қаупі жоғары екені анықталды. Сонымен бірге станция жабдықтарының әбден тозығы жеткенін мәлімдеді.
Бұл апатқа байланысты Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов пен ҚМГ басшысы Мағзұм Мырзағалиевке сөгіс берілді.