2 трлн теңгеге бронды техника: Қорғаныс министрлігі түрік компаниясымен мұндай келісім жасалмағанын мәлімдеді

Жарияланды
Фото: freepik және wikimedia commons

Қазақстан Түркияның «Otokar» компаниясынан бронды техника сатып алатыны туралы әлеуметтік желіде таралған хабарлама шындыққа жанаспайды. Қорғаныс министрлігі ресми хабарлама жариялады.

«Қазақстанның Қорғаныс министрлігі мен түріктің «Otokar» компаниясы арасында 2 трлн теңгеге жуық сомаға бронды техниканы сатып алуға келісім жасалғаны туралы әлеуметтік желіде таратылып жатқан ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бүгінгі таңда түрік тарапымен бронды техниканы жеткізу бойынша ешқандай келісім жоқ», делінген министрлік таратқан хабарламада.

Ақпаратқа сәйкес, бұдан бұрын Қорғаныс министрлігі «Otokar» компаниясы бронды техника өндірушілердің бірі екенін, ол ұсынған үлгілер қызметке қабылдау ережелерінде бекітілген рәсімге сәйкес жалпы негізде қаралатынын хабарлаған.

Сондықтан, мұндай техниканың басқа да шетелдік үлгілері қарастырылады.

«Қазіргі уақытта аталған компанияның 8х8 бронды техникасының үлгісі отандық бронды техниканың үлгісімен қатар тәжірибелік сынақтардан өтуде. Олардың нәтижелері бойынша техникалық талаптарға сай техниканың үлгісі айқындалатын болады» делінген ақпаратта.

Мемлекеттің қорғаныс қабілетіне жауапты мекеме ретінде Қорғаныс министрлігі қару-жарақ пен әскери техниканың әртүрлі үлгілерін қажет етеді. Ведомстваның дерегінше, қару-жарақ үлгілерін таңдау кезінде отандық және халықаралық сарапшылар мойындаған өнімнің сапасына басымдық беріледі.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде Қазақстан түрік өндірушілерінің бірінен бронды техника сатып алатыны туралы ақпарат тараған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз