«Жайлы мектеп» триллиондары: жоба операторы отандық тауар өндірушілерді қолдауға міндеттелді
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасының операторы Samruk-Kazyna Construction отандық тауар өндірушілерді қолдауға міндеттелді. Бұл туралы компания ресми сайтында ақпарат жариялады.
«Құрылыс материалдарын, жиһаз бен жабдықтарды сатып алу кезінде қазақстандық өндірушілерге басымдық беріледі» делінген ақпаратта.
Компания мәліметінше, 17 шілдеде Ашық НҚА сайтында Үкіметтің №963 қаулысына енгізілген өзгерістерді талқылау аяқталды. Құжатқа шілде айының соңына дейін қол қойылады.
Осы құжатта көрсетілгендей, Ұлттық жоба аясында жаңа салынатын мектептерге арналған жиһаз «Самұрық-Қазына» қорының тізіліміне және Отандық өндірушілер тізіліміне енгізілген компаниялардан ғана сатып алынатыны бекітілген.
«SK Construction отандық тауар өндірушілерді қолдауға міндеттелді. Елімізде баламасы бола тұра, шетелдік жиһаз сатып алынған жағдайда ұлттық жоба операторына орындалмаған міндеттемелер сомасының 15% мөлшерінде айыппұл салынады», делінген хабарламада.
Сонымен қатар, компания өкілі отандық кәсіпкерлерге ұлттық жобаға қатысу үшін барлық қажетті жағдай жасалатынын және SK Construction Қазақстандық компаниялармен етене жұмыс істеуге ниетті екенін айтыпты.
«Отандық өндірушілерді қолдау мақсатында еліміздің 20 өңірінде арнайы жиһаз комиссиялары құрылды. Олар қажеттілікті зерделеп, өндірістік әлеуетті бағалап, жайлы мектептер үшін сапалы жиһаз жасай алатын отандық кәсіпорындарды анықтады. Әрбір өңірде комиссия барлық стандарттарға сай келетін қазақстандық кәсіпорындардың тізімін жасады», делінген хабарламада.
Жиһаз комиссиялары жұмысының қорытындысы бойынша 20 өңірде қажеттілікті қамтамасыз ете алатын 134 отандық жиһаз өндірушісі анықталды. Болашақ жайлы мектептің жобасы мемлекеттік сараптамадан сәтті өткеннен кейін, әр мердігер бір ай ішінде жиһаз өндіруші кәсіпорынмен шарт жасасуы тиіс. Алғашқы 207 мектеп келесі жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр.
Компания сондай-ақ, жайлы мектептер үшін қажетті жиһаз түрлері және оларды өндірумен айналысатын қазақстандық компаниялардың санын жариялапты:
* оқушы жиһазы – 91 кәсіпорын
* зертханалық жиһаз – 48 кәсіпорын
* корпустық жиһаз – 98 кәсіпорын
* отыруға арналған жиһаз – 34 кәсіпорын
* металл жиһаз – 47 кәсіпорын
* асханаға арналған жиһаз – 79 кәсіпорын
* мектеп тақталары-24 кәсіпорын
* жұмсақ жиһаз-36 кәсіпорын.
Естеріңізге саламыз, бұған дейін «Курсив» редакциясы, «Жайлы мектеп: триллиондаған теңге шетелдік компанияларға кетуі мүмкін» деген тақырыппен осы мәселеге қатысты «Атамекен» ҰКП-ның сайтында жарияланған ақпаратты берген еді.
Онда, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тарапынан бекітілген KPI-сыз жайлы мектептерді жобалау бойынша жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылған болатын. Сонымен қатар, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жобаға отандық өндірушілерді тарту жеткіліксіз екеніне қатысты жобалаушылар да наразылық білдіргенін ескертіп, республикалық жобалаушылар одағы төрағасының орынбасары Мюаш Бисарованың пікірін келтірген еді.
«Отандық тауар өндірушілерді барынша тарту жөніндегі талаптар тиісті түрде орындалып жатқан жоқ. Құрылыс жобаларында баламасын өндіру ҚР аумағында жолға қойылған импорттық материалдар бекітіледі. Отандық тауар өндірушілерді қолдау шеңберінде ҚР заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды болдырмау үшін бірыңғай позицияны әзірлеу қажет деп санаймыз», – деген еді Мюаш Бисарова.
Айта кету кетек, «жайлы жағдайлар жасалған жаңа мектептерді салуға және ашуға 2,3 трлн (2 309 326 329 мың) теңге, оның ішінде: 461 334 267 мың теңге – Ұлттық қордың қаражаты есебінен;
1,8 трлн (1 847 992 062 мың) теңге – республикалық бюджет қаражаты есебінен бөлінеді. Ол сомадан:
2023 жылы – 455 583 813 мың теңге;
2024 жылы – 968 710 978 мың теңге;
2025 жылы – 885 031 538 мың теңге» бөлу көзделген.