Тоқаев Парсы шығанағындағы араб елдеріне қандай мүкіндіктер ұсынды?

Жарияланды
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі» бірінші саммитінде Қазақстан тарапының мүмкіндіктері туралы мәлімдеді.

Құны 400 млн долларлық 100 түрлі тауар экспорты. Тоқаев, Қазақстан Парсы шығанағы елдерімен ең алдымен, бұл – сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге ниетті екенін жеткізді. Оның айтуынша,соңғы жылдары еліміз аймақтағы ынтымақтастық кеңесі елдерімен сауда-саттықты қарқынды дамытты. Алайда, көрсеткіштер Қазақстанның әлеуеті толық пайдаланылмағанын көрсетеді.

«Тауар айналымын айтарлықтай арттыру үшін бізде барлық мүмкіндік бар. Ол үшін өзара сауда номенклатурасын ұлғайту қажет. Мысалы, Қазақстан қысқа мерзімде құны шамамен 400 миллион доллар болатын 100 түрлі тауар экспорттауға дайын», деді Тоқаев.

Инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру. Мұны Президент екінші басым бағыт ретінде атады. Тоқаевтың мәліметінше, UNCTAD баяндамасына сәйкес былтыр Орталық Азияға тартылған таза инвестиция 40 пайызға артып, 10 миллиард долларды құрады. Оның 60 пайызы Қазақстанға тиесілі. Ал, Парсы шығанағы елдері, соңғы 30 жыл көлемінде Қазақстанға 3,6 миллиард долларға жуық қаржы салды. «Шетелдік капитал үшін барынша қолайлы жағдай жасап жатырмыз деген» Тоқаев, Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасында Іскерлік кеңес құрылғанын атап өтті.

«Ол екі елдің сауда және инвестициялық әлеуетін арттыруға арналған маңызды алаң болмақ. Біз Кеңеске мүше мемлекеттердің барлығымен осындай ынтымақтастық орнатуға дайынбыз. Серіктестерімізді «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін белсенді пайдалануға шақырамыз», – деді Президент.

Көлік-транзит саласын дамыту. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік дәлізін одан әрі дамытуға баса мән беріп отырғанын, бұл бағыт арқылы жүк тасымалын ұлғайтуға мүдделі екенін жеткізді. Айтуынша, Қазақтан 2030 жылға қарай жыл сайын 500 мың контейнерге дейін жүк жеткізуді және «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін дамытуды жоспарлап отыр.

Энергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайту. Президенттің дерегінше, Орталық Азия мемлекеттерінің аумағында 30 миллиард тоннадан астам барланған мұнай қоры және 20 триллион текше метрден астам газ қоры бар. Бұл аймақтың мұнай мен газ көлемі жағынан әлемде Араб түбегінен кейін екінші орында. Айтуынша, елімізде энергия ресурстарын тасымалдау бағыттарын әртараптандыру үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Сонымен бірге Қазақстан өндіруші жаңа қуат көздерін дамытуға және жаңғыртуға баса мән береді. Геологиялық барлау және өндіру ісіне озық тәжірибе мен технологияны енгізуге айрықша көңіл бөледі. Сондай-ақ заманауи мұнай-химия өнеркәсібін өркендетуге басымдық береді. Қазақстан Шығанақ елдерінің ірі энергетикалық компанияларымен тығыз қарым-қатынас жасауға дайын. Әсіресе, «жасыл энергетика» саласында бірлесіп жұмыс істеуге ниетті», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ынтымақтастық кеңесіне мүше елдердің мұнай мен газ экспорттайтын кәсіпорындарын Қазақстанда өтетін Халықаралық энергетикалық форумға қатысуға шақырды.

Азық-түлік қауіпсіздігін нығайту. Еліміз ауыл шаруашылығы тауарларын экспорттау көлемін ұлғайтуға ниетті. Президент Қазақстанның әлемде бидай мен ұн өндіретін ең ірі он мемлекеттің бірі екенін атап өтті. Араб елдеріндегі «органик» және «халал» өнімдерін өндіру, өңдеу және сертификаттау тәжірибесін пайдаланып, стандарттарды, техникалық реттеу және сертификаттау жүйесін үйлестіру маңызды екенін атап өтті. Жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін нығайту саласындағы ынтымақтастықты кеңейту үшін Ауыл шаруашылығы министрлерінің кездесу тетігін құруды ұсынды.

Аймақаралық туризмді дамыту. Қазақстан туризмнің мәдени-танымдық, экологиялық, спорттық, сауықтыру және іскерлік салаларын бірлесе дамытуға дайын. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, өйткені, Орталық Азияның туристік әлеуеті зор. Оның үстіне туризм индустриясы – аймақ экономикасының тез дамып келе жатқан саласының бірі. Айтуынша, араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесіне мүше барлық мемлекет үшін визасыз режим енгізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында Қазақстанның өзара орнықты даму мен өркендеуді қамтамасыз етуге бағытталған ынтымақтастықты нығайтуға деген ұмтылысын растайтынын жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыз