Соңғы пакетте Қазақстанға қарсы санкциялар қаупі жоқ – СІМ
Қазақстанға қарсы санкциялар салынбайды. Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров соңғы пакетте Қазақстанға қарсы санкциялар қаупі жоқ екенін айтады.
«Қазір соңғы санкциялар пакетінде біз Қазақстанға қарсы ешқандай қауіп-қатерді көріп тұрған жоқпыз. Соңғы пакетте ондай ештеңе жоқ. Біз Қазақстанның тәуекел аймағына түсіп қалмауы үшін алдын ала жұмыстар жүргіздік. Біз ашықпыз және әрқашан ынтымақтастыққа дайынбыз», деді Айдаров бейсенбі күні брифингте.
Ол Қазақстанның Ресейге қарсы санкцияларды енгізу үрдісін бақылап отырғанын және Батыстағы әріпьестерімен «тікелей және ашық диалог» жүргізіп отырғанын мәлімдеді.
«Біз санкциялардан жалтару немесе жасырыну әрекеттеріне бармаймыз және ешқандай ерекше шаралар қабылдамайтынымызды үнемі айтып келеміз. Бірақ сонымен бірге біз Ресеймен дәстүрлі экономикалық қарым-қатынасымызды жалғастырамыз», деді министрдің орынбасары.
Ол өткен жылдан бері Қазақстанның Ресейге әскери тауарларды жеткізуге тыйым салғанын, қос мақсаттағы тауарларға арнайы сертификаттау енгізілгенін, Қазақстан арқылы немесе Қазақстаннан жеткізілетін барлық санкцияланған тауарлар электронды шот-фактуралар арқылы қадағаланатынын еске салды.
«Егер біз осындай тәуекелдерді көрсек, бір күндік компаниялар немесе тарихы жоқ компаниялар анықталса және сондай өнімдердің көлемі ұлғайып жатса, біз оларды тоқтату үшін алдын ала шаралар қолданамыз. Мемлекеттік кірістер комитеті жаңа санкциялық талаптарға байланысты жаңа біліммен толықтырылатын тәуекелдерді басқару жүйесін енгізді», дейді Айдаров.
Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары 40-тан астам ел антиресейлік санкцияларды қолданғанын айтты. Бұл ретте оларды қолданудың бірыңғай ережелері жоқ екенін атап өтті.
«Қиындық мынада, 40-тан астам ел санкция қолданды, бірақ оларда санкцияларды қолданудың бірыңғай ережелері жоқ. Әр ел оны әртүрлі қолданады. Тиісті шаралар өте жылдам әзірленеді. Ал санкцияларды енгізу мәселесі бөлек. Сондықтан біздің кеденшілер мен салық қызметкерлері тәуекелдерді анықтау үшін санкцияларға қатысты үлкен «томдықтарды» толық зерттейді», деп түйіндеді Айдаров.
Еске сала кетсек, 1 шілде күні Украина президенті Владимир Зеленский 192 жеке тұлғаға және 291 заңды тұлғаға 5-10 жылға санкция қолдану туралы жарлыққа қол қойды. Санкция салынған компаниялар тізімінде екі қазақстандық компания бар. Біріншісі «ИТС-Астана» ЖШС болса, екіншісі «Қазақстан инжиниринг» әскери-өнеркәсіп кешенінің бұрынғы еншілес компаниясы – «Тыныс» АҚ.
Ал АҚШ Орталық Азия елдеріне Ресей санкцияларының салдарымен күресуге көмектесіп жатқанын мәлімдеді. АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері бойынша көмекшісі Элизабет Хорст мұндай жұмыстардың, әсіресе, Өзбекстан және Қазақстанмен белсенді жүргізіліп жатқанын айтты.