Ресей газы Өзбекстанға 2023 жылдың қазан айынан бастап тасымалданады – QazaqGaz
Өзбекстанға Ресей газының транзиті 2023 жылдың қазан айынан басталады, деп хабарлайды «QazaqGaz» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.
Баспаcөз қызметінің мәліметінше «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов Атырау облысына жұмыс сапары барысында еліміздің газ тасымалдау жүйесін жаңғыртудың жаңа жобаларын аралаған. Ұлттық компания басшысы сапар барысында ресейлік газды Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға тасымалдау үшін «Орталық Азия – Орталық» магистральдық газ құбырының қазақстандық учаскесіндегі дайындық жұмыстарының барысын тексерген.
«Барлық техникалық іс-шараларды «QazaqGaz» ҰК» АҚ бекітілген кестеге сәйкес толық көлемде жүзеге асырып жатыр. Бүгінгі күні жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының бірқатары аяқталды. Маңғыстау облысындағы N14 учаскедегі жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары мерзімінен бұрын және толық көлемде аяқталды. Өткізу қысымының сынақтары сәтті өтті. Батыс Қазақстан облысындағы N1 учаскеде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын, ал Атырау облысындағы N2-N13 учаскелерде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде», делінген баспасөз хабарламасында.
Осы жұмыстар 2023 жылдың қазан айына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Ағымдағы жылдың мамыр айында «QazaqGaz» ҰК АҚ мен «Газпром» ЖАҚ Өзбекстан Республикасының тұтынушылары үшін Қазақстан Республикасының аумағы арқылы табиғи газды тасымалдау туралы келісімге қол қойды.
Сонымен қатар, жұмыс сапары аясында Санжар Жаркешов күзгі-қысқы кезеңге дайындық жұмыстарының барысымен танысып, Бозой жерасты газ қоймасын жаңғырту жұмыстарымен және Қашағандағы қуаттылығы 1 млрд текше метрге жететін газ өңдеу зауытының жұмысымен танысты.
Еске сала кетсек, Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің қатысумен 14-17 маусым аралығында өткен Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумында «Газпром» мен «QazaqGaz» арасында Өзбекстан тұтынушылары үшін ресейлік табиғи газды тасымалдау туралы шартқа қол қойылды.
Газ құбырлары арқылы Өзбекстан Ресейден жылына 2,8 млрд текше метр газ сатып алуға келісті.