Үкімет үйінде азаматтарды қабылдауға арналған бірыңғай фронт-желісі ашылды
Шілде айынан бастап Астанада Министрліктер үйінде орталық мемлекеттік органдардың халықпен жұмыс жүргізу жөніндегі бірыңғай фронт-желісі – Азаматтарды қабылдау орталығы өз жұмысын бастады.
Осылайша үкімет – мемлекет пен азаматтардың өзара іс-қимылының жаңа ортасын құруды көздеп тұр. Орталық базасында келушілер кез келген мемлекеттік органға өтінішін бере алады.
«ХҚКО-ға ұқсас түрлі ведомстволар өкілдерінен, медиаторлар және заң мамандарынан кеңес ала алады. Сонымен қатар мұнда азаматтар мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының жеке қабылдауына жазылу мүмкіндігіне ие болады. Орталық алаңында апта сайын 18 министрліктің өкілдері азаматтарды жеке қабылдайды, кесте Үкімет сайтында алдын ала жарияланатын болады», делінген хабарламада.м
Өңір тұрғындары үшін онлайн-форматта да қабылдау жүргізіледі.
Орталықта ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында, қылмыстық іс жүргізу немесе азаматтық іс жүргізу заңнамасында қарау тәртібі белгіленген өтініштер қабылданбайтынын атап өткен жөн. Бұл мәселелер бойынша азаматтар тиісті құқық қорғау немесе сот органдарының фронт-офистеріне жүгінуі тиіс.