24 шілдеден бастап еліміздің барлық кен орындары тексеріледі
Фото: kursiv.media
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министр жер қойнауын игеруге байланысты келісімшарт талаптарының сақталуын тексереді, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
«ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев жер қойнауын пайдаланушылардың қатты пайдалы қазбаларға байланысты келісімшарттар мен лицензиялар талаптарының орындалуын бақылап, мониторинг жүргізу туралы бұйрыққа қол қойды», делінген баспасөз хабарламасында.
Бұйрыққа сәйкес, еліміздің барлық өңіріндегі кен орындарында 24 шілдеден бастап тексеру жұмыстары жүргізіледі. Бірінші кезекте лицензиялық-келісімшарттық міндеттемелерді сақтамаған жер қойнауын игерушілердің қызметіне бақылау шараларын іске асыру көзделген.
Осыған дейін Қаржы министрлігі 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Салық кодексінің 746-бабының 1-тармағына енген түзетулерге сәйкес қатты пайдалы қазбаларға қатысты салық ставкалары ұлғайтылатынын хабарлады.
Биржалық металдар бойынша салық 50%-ға артқан. Олар – алтын, күміс, алюминий, мыс, мырыш, уран. Ал биржадан тыс жекелеген металдар бойынша яғни, темір, темір рудасы, хром және хром рудасы, марганец және темір-марганец рудасы, платина, ванадий, висмут, мышьяк, вольфрам, палладий, қалайы, никель, титан, магний, кобальт, сурьма қазбалары бойынша 30%-ға өсті.