Қолында баласы бар ер адамға соққы жұмсаған боксшы Бейбіт Шүменовке іздеу жарияланды
Ішкі істер министрлігінің Құқытық статистика және арнайы есепке алу порталында 22 шілде күні спортшы Бейбіт Шүменовке іздеу жарияланыпты.
«ШУМЕНОВ БЕЙБУТ АМИРХАНОВИЧ Туған күні: 19.08.1983, жынысы: еркек, Қазақстан Республикасының азаматы, қазақ. Іздестіру ісі 22.07.2023 «Астана өңірде тіркелді». Бастамашы: ҚР ІІМ. Іздестіруді жүргізетін орган: Астана қаласының Есіл аудандық ПБ» делінген іздеу жариялау хабарламасында.
Естеріңізге саламыз, шілде айының басында әлеуметтік желілерде, Астанадағы қоғамдық тамақтану орындарының бірінде қолында баласы бар ер адамды соққыға жықпақ болған спортшының әрекеті анық көрінген видеоролик таралып, қызу талқыланған болатын.
Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметі оқиғаның 18 маусымда болғанын жария еткен еді. Астанадағы «Mega Silk Way» сауда-ойын-сауық орталығындағы кафелердің бірінде келушілердің бірі екіншісін ұрып-соққаны айтылған, министрлік хабарламасында.
Көп, ұзамай Бейбіт Шүменов Instagram парақшасында өзінің бұл әрекетке не үшін барғанын түсіндіріп, жазба жариялаған еді.
Ішкі істер министрінің орынбасары Қайрат Сүнтаев, бұл оқиғаға байланысты іс қозғалғанын, оның қатаң жазаға тартылатынын хабарлаған болатын.
Айта кету керек, Бейбіт Шүменовтың Instagram парақшасында оның осы оқиғаға қатысты жазбасы жойылыпты.