Министрліктің міндетіне байланыс операторларының тарифін реттеу кірмейді – Бағдат Мусин

Жарияланды
Фото: kursiv.media

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин БҚДА-ның ұялы байланыс бағасын мемлекеттік реттеу туралы ұсынысына қатысты пікір білдірді.

«Әр ведомствоның өз функциясы бар. Біздің функционалға тарифтерді реттеу жұмыстары кірмейді. Қандай нарықта тарифтер басқарылуы керектігі айтылған аррнайы заң бар. БҚДА қайтадан тарифтердің мемлекетті басқаруға өткізу туралы ұсыныс жасады. Егер БҚДА солай жасаған дұрыс деп санаса, біз бұл жағдайды талдап, қарастыратын боламыз. Дұрыс айтасыздар, ашық, таза бәсекелестік болуы керек. Тек әділ бәсекелстік қана әділ баға қоюға мүмкіндік береді. Сол мақсатта Үкімет «Самұрық-қазынаға» бір мобильді операторды «Қазақтелеком» құрылымынан шығарып, жеке нарыққа жіберу туралы талап қойып отыр. Өйткені тек жеке нарық қана әділ тариф орнатуға жол ашады», дейді министр.

Министр сонымен бірге бүгін, сейсенбіде Kcell ұялы байланыс операторының жұмысында ақау алғанын айтты.

«5G-ге көшу үшін оның жұмыс сапасын арттыру және өнімділікті арттыру мақсатында желіні жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта барлық қызметтердің жұмысы толық қалпына келтірілді», деді Мусин.

Оның айтуынша, желі жұмысы небары 10 минутқа тоқтаған, ал жалпы алғанда Қазақстан кейбір елдерден оқ бойы озық тұр.

«Speed test рейтингіне сенсек, халықаралық рейтингте Астана 35 позицияға көтерілді. Біз 35 қаланы басып оздық. Бұл орайда тіпті Токиодан озып кеттік. Бұл нақты көрсеткіш! Ол рейтингті мен жасаған жоқпын», дейді министр.

Ол сөз соңында тұтынушылар арасында бүгінгідей түсініспеушілік болмас үшін байланыс операторларын қазақстандықтарды ықтимал ақаулар туралы ескертуге міндеттейтін заңнамаға түзету енгізу қажеттігін айтты. .

Сондай-ақ оқыңыз