2,5 мың сарбаздың несиесі кейінге шегеріліп, 1,5 мың жауынгерге ЖОО-дан орын бөлінді
Фото: Ақорда
Бүгінде 2,5 мың сарбаздың несиесі кейінге шегерілді және әскери қызметін өтеген 1,5 мың жауынгерге жоғары оқу орындарында оқуға орын бөлінді. Бұл жайлы президенттің қабылдауында болған Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов айтты.
Министр мемлекет басшысына қорғаныс ведомствосының биылғы бірінші жартыжылдықта атқарған жұмыстарының қорытындысы жөнінде баяндама жасады.
«Бүгінде 2,5 мың сарбаздың несиесі кейінге шегерілді және әскери қызметін өтеген 1,5 мың жауынгерге жоғары оқу орындарында оқуға орын бөлінді. Жыл басынан бері мерзімді әскери қызметін өтеп, запасқа шығарылған 700-ге жуық сарбаз жүргізуші, механик, машинист, слесарь, аспаз және басқа да еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім алды», деді министр.
Кездесуде кезеңдік өзгерістерге негізделген жауынгерлік даярлықтың жаңа форматын және командирлердің басқару қабілетін жетілдіру моделін енгізу мәселесі де қамтылды.
Сонымен бірге әскерге шақырылатын және мерзімді қызметін өтеген азаматтар туралы мәліметтерді цифрлық жүйеге көшіру шаралары жөнінде де айтылды. Ақпараттық жүйелердің жаңғыртылып, олардың басқа мемлекеттік органдардың дерекқорларымен біріктірілуі тіркеу, әскери есепке қою және әскери билеттерді беру қызметтерін электронды форматқа ауыстыруға мүмкіндік береді.
Руслан Жақсылықов Қасым-Жомарт Тоқаевқа территориялық қорғанысты нығайтуға қатысты қабылданып жатқан шаралар туралы да баяндады. Бұл бағыттағы жұмыстар заңнамалық және практикалық деңгейде жүргізіліп жатқанын айтқан ол, президентке әрдайым жауынгерлік дайындықта болатын бөлімдерді қару-жарақпен және әскери техникамен жабдықтау барысы, сондай-ақ отандық өндірістің мобильді және модульдік компоненттерге көшірілуі туралы мәлімет берді. Мемлекет басшысына Қарулы Күштердің бітімгерлік қызметі туралы арнайы баяндалды.
«Президент аталған бастамаларды, атап айтқанда, Жоғары білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, білім алуға жеңілдік беретін квоталар бөлу, мерзімді әскери қызметін өтегендерге мемлекеттік білім гранттарын ұсыну, сондай-ақ олардың заңнамалық тұрғыда бекітілуін жалғастыру мәселесін назарға алды. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы Күштердің жауынгерлік дайындығын күшейту мәселесіне баса мән бере отырып, бірқатар тапсырма берді», деп хабарлайды Ақорда.