Алматының Алатау ауданының инженерлік инфрақұрылымын жетілдіруге 2,7 млрд теңге бөлінді – Ерболат Досаев

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Алматының Алатау ауданы, «14-ші аумақ» шағын ауданында инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру үшін қала бюджетінен 2,7 млрд теңге бөлінген. Бұл жайлы Алатау ауданының тұрғындарымен кездесуінде қала әкімі Ерболат Досаев айтты.

«Соңғы 7 жылдың ішінде «14-ші аумақ» шағын ауданындағы аяқталмаған инженерлік желілердің құрылысы өзекті мәселелердің бірі болды. Алматы қаласы прокуратурасының ұсынуы негізінде мен төтенше жағдайлар желісі бойынша құрылыс жұмыстарын аяқтау туралы шешім қабылдадым. Ол үшін бюджеттен 2,7 млрд теңге бөлінді. Маусым айынан бастап 14 көше бойынша инженерлік желілерді төсеу жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде желілердің құрылысы аяқталып қойған 3 көшеде жаңа жолдар салынып жатыр», деді қала басшысы.

Ал ауданның жол инфрақұрылымын дамыту бойынша белсенді жұмыс жалғасып жатқанын айтқан әкім, шағын аудандардағы көшелердің ағымдағы жөндеуден өтетінін, ол үшін аудан әкімдігіне 500 млн теңге бөлінгенін мәлімдеді.  

«Қалалық мобилділік басқармасы биылғы шілде айында ұзындығы 60 км болатын 63 көшені қамти отырып, 12 шағын ауданда орташа жөндеу жұмыстарын бастады. Жұмыстарды осы жылдың қараша айында аяқтау жоспарланған. Бүгінгі күні «Алғабас», «Қарасу» шағын аудандары және Саин көшесі бойынша жұмыстар жүргізілуде», деді ол.  

Сонымен бірге шаһар басшысы жайлы қалалық ортаны құру жұмыстары аясында сәуір айының басынан бастап «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының бірінші кезеңі аяқталғанын, оған 1,8 млрд теңге сомасына 35 жоба жүзеге асырылғанын хабарлады. Ол жобалар ішінде футбол, баскетбол, волейбол алаңдары, жаяу жүргіншілер және жасыл аймақтар бар.

«Қосымша бөлінген 875 млн теңгеге Алатау ауданында тағы 19 жаңа жоба іске асырылады. Олар осы жылдың қараша айына дейін аяқталады. Бүгінгі күні конкурстық рәсімдер жүргізілуде, жұмыстар биылғы жылдың тамыз айының соңында басталады», деді Ерболат Досаев.

Сондай-ақ оқыңыз