Ойдан шығарылған мәмілелер: Қостанайда агроөнеркәсіп саласын дамытуға бөлінген 1,5 млрд теңге қолды болған

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша 1,5 млрд теңгеден астам қаржыны жымқырды деген күдікпен қылмыстық топтың 5 мүшесі қамауға алынған.

«Қостанай облысында бұрын әшкереленген қылмыстық топтың 2022 жылдан қазіргі уақытқа дейін ет сату бойынша ойдан шығарылған мәмілелер арқылы бюджет қаражатын жымқырған әрекеттеріне қатысты тергеу жалғасуда. Ұрлықтың сомасы 1,6 млрд теңгеден асады» делінген хабарламада.

Ақпаратқа сәйкес, ұйымдасқан топты ірі ет өңдеу кәсіпорнының директоры басқарған. Топ құрамында ет өңдеу кәсіпорнының қызметкерлері, шаруа қожалықтарының басшылары, мал дәрігерлері мен лауазымды тұлғалар болған.

«Қылмыстық схема шаруа қожалықтарының қайта өңдеу зауытына жоқ өнімдерді, сондай-ақ қылмыстық топ мүшелері арасында бөлінген субсидиялар алған артық салмағы бар өнімдерді жеткізуден тұрды. Қазіргі уақытта ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің қылмыстық әрекеттеріне қатысы бар 50-ден астам шаруа қожалықтары анықталды», делінген ақпаратта.

Қаржы мониторингі агенттігі алаяқтық, ұйымдасқан топ құру және басқару фактілері бойынша он жеті қылмыстық істі тіркеген.

«Топ мүшелерінің банк ұяшықтарында және есепшоттарында шетел және ұлттық валютадағы жалпы сомасы 3 млн астам АҚШ доллары бар екені анықталды. Алдын ала тергеу барысында қожалық басшылары кінәсін мойындап, 62 млн теңгеден астам қаржыны өз еркімен мемлекет кірісіне қайтарған. Тергеу барысында ұйымдасқан қылмыстық топтың 5 белсенді мүшесі қамауға алынды», деп хабарлады ҚМА.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

Сондай-ақ оқыңыз