Еіліміздегі көпірлер жыл соңына дейін цифрландырылады – ҚазжолҒЗИ
Еліміздегі көпір құрылыстарының электронды каталогы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Бұл жайлы ҚазжолҒЗИ баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстанда автомобиль көпірлерінің цифрлық базасын құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыс барысында «Көпірлерді пайдалануды басқару жүйесі» республикадағы инженерлік құрылыстар туралы ақпаратты жүйелеп, электрондық форматқа аудару көзделеді.
Бүгінгі таңда бағдарламаның прототипі жасалып, жүйені толтыру үрдісі басталып кеткен. Қазіргі кезеңде электрондық базаға Ақмола, Алматы, Жамбыл, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарындағы 20 көпірді зерттеу нәтижелерін енгізу жоспарланып отыр.
«Бағдарламаның алгоритмдерін сынау мақсатында жағдайы нашар автомобиль көпірлері таңдалды. Жүйе толығымен дайын болған соң сарапшылар қалған нысандар туралы ақпаратты енгізе бастайды. Қазақстанда республикалық маңызы бар жолдарда жалпы 1,5 мыңға жуық көпір құрылысы бар. Олардың барлығы кейіннен цифрландырылатын болады. Біз аталған жүйені биыл желтоқсанда іске қосуды жоспарлап отырмыз», деді «ҚазжолҒЗИ» АҚ Автожолдар және көпір құрылыстары департаментінің бас маманы Қайсар Шалқар.
Оның айтуынша, жол пайдаланушыларына әрбір құрылыс туралы барлық қажетті дерек, оның ішінде жобалау-техникалық сипаттамалары, техникалық жай-күйін бағалау, анықталған деформациялар мен жүргізілген жөндеу жұмыстары туралы өзекті мәліметтер қолжетімді болады.
Бұл жоба көпір конструкциясы элементтерінің жай-күйімен егжей-тегжейлі танысуға мүмкіндік беріп, көпірлердің цифрланған сыртқы түріне қатысты ақпарат жинақтайды. Сонымен бірге бағдарлама авторлары 3D бейне түсіру үшін арнайы дрондарды пайдаланады.
Көпірлердің электронды каталогы бірқатар міндеттерді тиімді шешуге мүмкіндік бермек. Атап айтқанда, бұл шара мұрағаттардағы деректердің бытыраңқылығы мен тәртіпсіздігі жойылады, құжаттардың жоғалуын алдын алуға болады.
Өз кезегінде ақауларды уақтылы байқау және оларды жою мүмкіндігі көпірлерді күтіп ұстау шығындарын азайтуға және апаттар мен төтенше жағдайларды азайтуға мүмкіндік береді.