Каршерингті дұрыс пайдалану үшін нені білу керек?

Жарияланды

          Қазақстанда каршеринг жүйесі енді-енді танылып келеді. Соған сәйкес, нарықта дәл осы қызмет түрін ұсынатын компания да көп емес. Астында көлігі жоқ, бірақ қысқамерзімді сапарлар жоспарлағандарға дөп келеді. Каршерингті қолданарда нені білу керек, оның жалға көлік алудан қандай айырмашылығы бар, еліміздегі тарифтер құны қанша — Kursiv Media тілшісі шолып шықты.

          Каршеринг деген не?

          Көлік тек аз уақытқа керек болған кезде қолданатын қызмет. Әрі мұнда аумаққа шектеу қойылады. Мысалы, қала ішінде ғана жүргізуге рұқсат етілуі мүмкін. Машиналар қаланың әр жерінде тұрады. Сөйтіп әркім өзіне жақын жердегісін қартадан қарап, қолданба арқылы бұғаттан шығарып, мініп кете береді. Таксимен жүргеннен әлдеқайда арзан, қоғамдық көлікке қарағанда ыңғайлы. Күнде машинамен жүруді қажет етпейтін, көлік алып оның қызмет көрсетуі мен жөндеу жұмысына шығындалғысы келмейтіндерге арналған. Бар болғаны автокөлікті нақты қанша минут мінсе, сонша төлейді. Әрине, әр компанияның өз талаптары мен шарттары бар. Десе де, көпшілігінде ереже ортақ. Алдымен кез келген каршеринг компанияның жұмыс принципіне тоқталайық. 

          Бұл сервисті қолдану үшін оператор талаптарына сәйкес келу керек. Егер сәйкес келіп тұрса, онда телефонына арнайы қолданбаны орнатып, тіркеуден өтеді. Өзіңіз таңдаған мерзімге байланысты көлік беріледі. Каршеринг операторы жанармайды, жөндеу жұмысын, техникалық байқау, автожуу, ақылы тұрақты өзі төлейді. Әлбетте, бұл жүйелі түрде істеліп тұратындары ғана. Егер сіздің қателігіңізден апат бола қалса не машинаға зақым келсе, оны өзіңіз төлейсіз. Жалға алуға болатын көліктер қолданбада тұрады. Қалағанын таңдап, брондайсыз. Әдетте компанияларда түрлі модель мен кластағы көліктер болады. Тіпті жапсырмасы жоғын іздесеңіз де, сол сұранысқа сай көлік табылады.

Көлікті жалға алудан қандай айырмашылығы бар?

          Каршеринг деген не екеніне қысқаша тоқталдық. Бір қарағанда мұның әдеттегі көлікті жалға алудан айырмасы жоқтай көрінеді. Десе де, олай емес. Көпшілігі бұл екі түсінікті шатастырады. Басты айырмашылықтары мынадай:

  • Каршеринг қызметін тәулігіне — 24 сағат, аптасына 7 күн пайдалануға болады. Көлікті кез келген уақытта жалға алып, қайтара бересіз. Ал жалға беретін компаниялар клиенттерді жұмыс уақытында ғана қабылдайды.
  • Брондау және көлік құралдарын қайтару процесі каршерингте өте қолайлы. Мысалы бірнеше минутқа ғана жалға алып, бірнеше батырманы басып қайта қайтара аласыз. Бар болғаны клиентке ең жақын деген автотұраққа апарып қоюыңыз керек. Ал енді жалға беретін компанияларда қай жерден алсаңыз, сол жерге апарып тапсыру міндеттеледі.
  • Жалға алғанда каршерингте үнемі келісімшарт жасасып жүрмейсіз. Бір жасағаныңыз, дәйім жарай береді. Банк картасын қолданбаға байлап қойып, төлеп тастайсыз. Ал жалға алған кезде әр барған сайын жаңа шарт жасасу қажет.

          Енді көпшілікке белгілі каршеринг түрлерін топтастырып көрелік. Мынадай түрлері болады:

  • Қысқамерзімді. Белгілі бір аумақ ішінде ғана қолдануға арналған. Мұндай қызметті таңдағанда сіз автокөлікті бірнеше минут, сағат не бір тәулікке ала аласыз. Қаланың әр жерінде тұрған көліктердің ішінен жақынын әрі ұнағанын таңдайсыз да, мініп кете бересіз. Жұмысыңызды бітірген соң таяу жердегі автотұраққа қалдырасыз. Төлем қабылдау, автоны алу және өткізу мобайл қолданба арқылы іске асырылады. 
  • «Клиент-клиент» деген түрі бар. Мұнда автокөлікті жеке тұлғалардан не көлік компанияларынан агрегатор-сайттар арқылы алады.
  • Бірлескен иелік. Бірнеше адам бірлесіп қолдану үшін автокөлік сатып алып, пайдаланады. 

Артықшылықтары

          Таксиден арзанға шығады. Бейтаныс адамдармен бірге сапарлас болғысы келмейтін, бірақ жеке көлігі жоқтарға жақсы. Төлем әр минутына алынады. Мінген соң, өз көлігіңіз секілді сезініп, қожайын боласыз. Мобайл қолданба арқылы бірнеше батырма басып, жалға алып, қайтарасыз. Көлікті пайдалану қызметіне қосымша ақы төлемейсіз. Өйткені оның барлығы жал құнына қосылған. Қолдау қызметі де тәулік бойы істейді.

Кемшіліктері

          Көлікті онша жүргізе алмайтын болсаңыз, алмағаныңыз жөн. Картаңызда ақша жеткіліксіз болса, төлемді кешіктіргеніңіз ұшін айыппұл төлеуіңіз керек болады. Тым тазайын, сәл нәрсеге жиіркенетін адамдарға да бұл қызмет қолайсыз болуы мүмкін. Өйткені автожуу қызметі болғанымен, дәл сіздің алдыңызда мінген адам көлік салонын шашып кеткен болуы ғажап емес.

Есте ұстайтын дүниелер

          Көлікті ұқыпты қолдануға тырысыңыз. Қоқысқа қалдырмаған абзал. Бұл сіздің рейтиңіңізге ғана әсер етпейді. Одан бөлек, адами тұрғыда бұлай жасаған дұрыс емес. Ішілген судың бөтелкесін, жеген тамақтың қалдығын қалдырып кетпеңіз. Сондай-ақ, көлік ішінде темекі шегуге тыйым салынған. Белгіленген аумақтан асып кетуге болмайды. Автокөлікке қандай да бір зақым келтірмеңіз. Ішінен әлдебір заттарды алып кетпеңіз. Бір қарағанда барлығына белгілі ереже секілді көрінгенімен, практикада мұндай жағдайлар кездеседі. Тағы бір ескеретін жайт: такси не жеткізу қызметі секілді коммерциялық мақсатта пайдалануға тыйым салынады. Әрине, жол ережесін де қатаң ұстаныңыз. Жылдамдықты асырмаңыз, автотұрақта тиісті жерге ғана қойыңыз. Осыларды бұзатын болсаңыз, сізге айыппұл салады.  

Клиент болу үшін

          Алдымен қолданбаны жүктеп алыңыз. Одан кейін тіркелесіз. Ол үшін жеке куәлік пен жүргізуші куәлігі қажет. Өзіңіз туралы ақпаратты толтырып, құжаттарыңызды суретке түсіріп жібересіз. Көпшілігінде галереяда бар суреттерді жүктеуге мүмкіндік бермейді. Ол сіздің алаяқ емесіңізге көз жеткізіп, басқа біреудің құжатын қолданып тұрмағаныңызды дәлелдеу үшін қажет. Одан соң банк картасын байлайсыз. Тіркеуден кейін сервис құжаттарды тексереді. Көп дегенде бір тәулік қаралуы мүмкін. Кей адамдарға рұқсат берілмейтін де кездер болады. Мысалы:

  • Жүргізушінің тәжірибесі не жасы сәйкес келмесе;
  • Құжаттардың суреті сапасыз не оператор талаптарына сай емес;
  • Жол полициясының базасындағы тарихыңыз нашар. Төленбеген айыппұл көп болса немесе бұрын-соңды сіздің кесіріңізден жол апаты болған болса сервистер мұндай тәуекелге бармай, мақұлдамай қояды.
  • Ел резиденті болмаса да арагідік рұқсат бермеуі мүмкін.

Қалай жүру керек?

          Күту режимін қосыңыз. Егер жолда бір жерге кіріп шығу үшін тоқтау қажет болса, күту режимін қосуды ұмытпаңыз. Сонда ақшаңыз үнемделеді. Ол уақытта машина бұғатталып тұрады. Яғни есігі ашылмайды, қозғалтқышы қосылмайды. Мұның барлығы артық төлемеу үшін керек. Одан қала берді, күту режимінде тұрған кезде каршеринг пайдаланғысы келген басқа адамдар жақын маңда тұрса да, ол көлікті мініп кете алмайды.

          Жанармай құю. Машинаны таңдаған кезде қанша жанармай қалғаны көрініп тұрады. Егер бакта бензин өте аз қалса — бірден басқасын таңдаған дұрыс. Көбіне машинаның ішінде бензин картасы тұрады. Ол болмаса, өз ақшаңызға құйсаңыз болады. Бастысы, чегін сақтап қойыңыз. Панельдегі бензин көлемі және чектің суретін операторға жібересіз. Бірақ көбіне оның ақысы бонус түрінде қайтады. Оны келесі мінгенде құртуға боласыз. 

          Автотұрақ. Жол ережесін қатаң сақтаңыз. Жабық не жерасты тұрағында қалдырып кетсеңіз, желіде байланыс болмай, машинаны ашып-жаба алмай қалуыңыз мүмкін. Болмаса, жаяу жүргіншілер жолында, машина қоюға болмайтын жерде, мүгедектердің орнына, газонға бір минутқа болсын қоюға болмайды. 

          Құжаттар. Егер сізді жолда жол полициясы тоқтатса, онда жүргізуші куәлігін және қолданбадағы профайлыңызды көрсетіңіз. Осылайша, аккаунт иесі нақты сіз екенін және мына көлікті жалға алғаныңызды дәлелдейсіз.

          Айыппұл. Көлікті жалға алғаннан кейін атыңызға айыппұл келіп тұруы мүмкін. Сондықтан сақ жүргізіңіз. Егер жүргізуші келісімшарт талаптарын бұзса, оған айыппұл жолданады. Ал егер жол-пол тоқтатса, онда айыппұл қолданбаға келмейді. Ол сіздің өз атыңызға тіркеледі. 

          Апат. Егер апатқа түсіп қалсаңыз, онда тоқтап, Р режиміне қойыңыз. Апат белгісін жол-көлік оқиғасы болған жерден 15 м жерге қойып, апат белгісін қосыңыз. Әлдекімге көмек керек пе — тексеріңіз. 102, 103 сынды қызметтерге хабарласыңыз. Апат болған жерден қашып кетпеңіз, машинаны қалдырып кетуге болмайды. Жол-көлік оқиғасы рәсімдеген соң, хаттама толтырылады. Ол құжаттың бәрін қолдау қызметіне жіберіңіз.   

Бұл қызмет кімдерге қолайсыз?

          Асығыс болсаңыз, қажет емес. Өйткені машина көбіне кемінде 4-5 минут жаяу баратын жерде болады. Әрі көлікке барғаннан кейін іші-сыртын суретке түсіріп, отырғышы мен айналарын реттеу қажет. Баратын жерге барған соң ережеге сай автотұрақ іздеуге тағы уақытыңыз кетеді. Одан қала берді, жолда кептеліс болып қалуы мүмкін. Сондықтан қатты асыққанда таксиге мінген жөн. 

          Машина мінгенде делебеңіз қозып, жылдамдық асырғанда жақсы көрсеңіз, бұл қызмет түрі сізге арналмаған. Каршеринг көліктерінде телематикалық құрылғылар орнатылады. Сол арқылы оператор жалға алған жүргізушінің жүргізу мәнерін бақылап отырады. Тым қатты маневр жасағаны байқалса, жолсапар құны қымбаттап кетуі ғажап емес. Тіпті сервисті қолдануға тыйым салуы да мүмкін. 

          Телефоныңыздың қуаты таусылып жатыр, ал сізде қуаттағыш жоқ. Мұндайда да пайдаланбаған жөн. Себебі телефондағы қолданба арқылы сапарды аяқтамайынша, ақылы уақыт есепке алына береді.

Қазақстанда қандай сервистер бар?

          Еліміздегі ең танымал сервис — Anytime минуттық, сағаттық және тәуліктік үш түрлі тариф ұсынады. Минуттық құны: 55 теңге. 15 минутқа дейін брондау тегін. Тарифтің ішіне бензин, тұрақ, сақтандыру және автожуу кіреді. Үш сағаттық тариф құны — 6290 теңге. Бір шақырымға 60 теңгеден есептеледі. Алты сағатқа —  7490 теңге, он екі сағатқа — 9440 теңге. Одан соң 24 сағаттық тариф түрі бар. Бағасы: 12.064 теңге. Жанармайға қатысты айтсақ, 20 пайыздан төмен көрсеткіш болса, онда өзіңіз құя аласыз. Қолданбадағы картада бекеттердің мекенжайы шығады, ішінен «Гелиос» пен «Синоилды» таңдай аласыз. Машинаның ішінде «Е-100» деген бензин картасы болады. Байланыс орталығына алдын-ала хабарласыңыз. Олар картаны қосу үшін пин-кодты айтасыз. Егер сервиске қарызыңыз болмаса, бензин құюға кеткен уақытыңыздың өтемі ретінде шотыңызға бонус түседі. Егер әрі-бері жүретін уақытыңыз болмаса, онда ішінде жанармайы жеткіліктісін таңдаңыз. Айтпақшы, бензин көлемі 10 пайыздан төмен болса, автокөлікті қалдырып кетуге болмайды.  

Сондай-ақ оқыңыз