АМӨЗ тәулігіне 5,5 мың тонна экологиялық класы жоғары автобензин шығара бастайды
2023 жылы шілде айында Атырау МӨЗ еліміздегі мұнай өңдеуші зауыттардың ішінде алғашқы болып К5 экологиялық класты, Еуро-5 аналогы болып саналатын АИ-92 автобензинін шығара бастады, деп хабарлайды «Қазмұнайгаз» баспасөз қызметі.
«ҚазМұнайГаз» ҰҚ АҚ-ның қоршаған ортаға шығарылатын зиянды заттар көлемін азайтуға бағытталған саясаты аясында «АМӨЗ» ЖШС К5 экологиялық класты автокөлік бензинін өндіруге көшті. Аталмыш экологиялық отынның басты артықшылығы – құрамындағы күкіртті қосылыстардың көрсеткіші К4 класымен салыстырғанда 5 есе аз. Сондай-ақ, хош иісті көмірсутектердің (бензол) және өзге де қоспалардың мөлшері шектеулі», делінген хабарламада.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, К5 класындағы отынды пайдалану кезінде улы заттардың шығарындыларын азайту адам денсаулығына зиянды әсерін азайтады. Атап айтқанда тітіркену мен тыныс алу органдарының ауруларын, қабыну процестерін, жүйке және жүрек-тамыр жүйесіне кері әсерлерін азайтуға септігін тигізеді.
Бұдан бөлек, K5 класты бензинді пайдалану автокөліктердің жұмысына да оң әсер етпек. К5 стандартты бензин сапасына қол жеткізу кәсіпорынды үш кезеңді жаңғырту барысында жаңа технологиялық қондырғыларды іске қосудың нәтижесінде мүмкін болған. АМӨЗ-де АИ-92-К5 автобензинін өндірудің орташа тәуліктік көрсеткіші 5,5 мың тоннаны құрайды.