Ішімдік пен пневматикалық қару: Ақмола облысының прокуратурасы балалар лагеріне қатысты бірталай олқылықтарды анықтады
Қазақстан Республикасы Бас прокурорының тапсырмасы бойынша Ақмола облысының прокуратурасы балалардың сауықтыру орталықтарының, балалар лагерлерінің қызметінде кешенді тексерулер жүргізген. Нәтижесінде біршама олқылықтар анықталған.
Тексерудің алдын ала нәтижелеріне сәйкес санитарлық-эпидемиологиялық заңнама, өрт қауіпсіздігі, еңбек, білім беру, медициналық заңнама және т.б. талаптардың бұзылғаны анықталған. Мысалы, балаларды сауықтыру орталықтарының бірінде 21 қызметкердің 18-і еңбек шарттарынсыз және санитарлық кітапшаларсыз қабылданған.
«Лагерьде 100 баланың орнына белгіленген нормадан көп балалардың бір мезгілде болу фактілері анықталды, іс жүзінде лагерьге 170 бала қабылданған. Лагерь аумағы мен үй-жайларын тексеру кезінде спирттік ішімдіктердің бос бөтелкелері, темекі бумалары, құрамында спирті бар сусындарды өндіруге арналған айшықты аппарат, пневматикалық қару, балалар лагерінің ас үй аймағында сақталған тышқанның уы және басқа да тыйым салынған заттар табылды», делінген баспасөз хабарламасында.
Сонымен бірге сауықтыру орталығының әкімшілігі балаларды тиісті нұсқаушылар мен құтқарушылардың сүйемелдеуінсіз жаппай шомылу орындарына апару фактілері де анықталған.
Тексеру әлі де жалғасып жатыр.
Еске сала кетсек, 17 шілде күні балаларды саунаға лагерьге жіберген Алматы қалалық білім басқармасы дауға қалды. Ата-аналар «Арман дала» лагерінде балаларының демалысы өте қолайсыз жағдайда өтіп жатқанын айтып, шу көтерді. Мемлекет бюджетінен бұл лагерьдің қызметіне 107 812 500 теңге бөлінгені анықталды.
Бұдан кейін Алматы қаласының прокуратурасы білім басқармасы мен балаларға арналған мекеме әкімшілігіне қатысты ҚР ҚК 361 (Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану) және 140-баптары (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау) бойынша қылмыстық іс қозғады.
Ал 20 шілде күні Бас прокуратура еліміздің барлық балалар лагерін тексеруді тапсырды. Сонымен бірге 2023 жылға арналған балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша қызметтерді сатып алу кезіндегі заңдылықты сақтау мәселелері де зерттеледі.