2023 жылы бейрезиденттердің мемлекеттік бағалы қағаздарға салған салымдары 178 млрд теңгеге артқан

Жарияланды
Фото: kursiv.media

2023 жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында2023 жылы бейрезиденттердің мемлекеттік бағалы қағаздарға салған салымдары 178 млрд теңгеге артқан. Бұл жайлы ҚҰБ Монетарлық операциялар департаменті басқармасының бастығы Олжас Иғсатов мәлімдеді.

«2023 жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында бейрезиденттердің Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарына және Ұлттық Банктің ноталарына салған салымдары жиынтықта 178 млрд теңгеге артып, 559 млрд теңгені құрады. Бұл 2022 жылғы наурыздан бері ең жоғары мән. Бейрезиденттердің ноталарға қатысуы 6 млрд теңгеге, ал Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарына қатысуы 171 млрд теңгеге өсті», дейді банк өкілі.

Ал Қаржы министрлігінің облигацияларына салынған инвестициялардың ең жоғары тарихи деңгейге дейін өсіп, қазір 453 млрд теңгені құрайды. Иғсатов өткен жылы бейрезиденттердің портфельдік инвестициялары дамушы елдерден әкетілгені байқалғанын айтады. Оның әсері байқалып, 2022 жылы бейрезиденттердің кетуі (-) 214 млрд теңгеге дейін төмендеуге алып келген.

«Сол жылы халықаралық инвесторлардың тәуекел сентименті өзгергенін де көріп отырмыз. Жалпы бейрезиденттердің МБҚ-ға келуінен нарыққа берер оң әсері туралы айтар болсақ, онда инвесторлардың, оның ішінде шетелдік инвесторлардың ауқымды шоғырының болуы мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының тиімділігін арттырады. Басқа елдердің тәжірибесі көрсеткендей, шетелдік портфельдік инвестициялардың әкелінуі қарыз алу құнын төмендетуге мүмкіндік береді және қорландырудың қосымша көзіне айналады», дейді Олжас Иғсатов.  

Бейрезиденттер Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарын сатып алу үшін алдымен біздің нарықта өз валютасын сатып, теңгені сатып алуы қажет екен. Осылайша, жыл басынан бері бейрезиденттер шамамен 400 миллион АҚШ долларын сатқан. Бұл өз кезегінде валюта нарығында қосымша ұсынысты қамтамасыз ете алған.

«Шетелдік инвесторлардың қызығушылығы Ұлттық Банк пен Қаржы министрлігінің өзара белсенді коммуникациялық саясатына да байланысты. Жыл басынан бері шетелдік инвесторлармен бірқатар кездесу өтті. Соның барысында отандық нарықтағы мемлекеттік бағалы қағаздардың келешегі мен тартымдылығы туралы айтылды. Сонымен қатар, қазіргі уақытта мемлекеттік борыш нарығында бастапқы дилерлер институтын енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Ол да нарықты дамытуда және оның өтімділігін арттыруда қосымша қадам болады», дейді банк сарапшысы.

Сондай-ақ оқыңыз