Жеке меншік білім беру ұйымдарындағы оқу ақысы 50%-ға қысқарады
Жеке меншік мектептерде білім беру бойынша қызметтер 50 пайызға арзандайды. Оқу-ағарту министрінің тиісті құжаты «Ашық НҚА» порталында талқыланып жатыр.
Құжатқа сәйкес «Жекеменшік білім беру ұйымдарында орта білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын, оқуға ата-ана төлемақысының шекті мөлшерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 22 қаңтардағы № 29 бұйрығына өзгерістер енгізіледі.
Жаңа бұйрыққа сәйкес бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларының шекті мөлшерлемесі 600 еселенген АЕК мөлшерінде, Халықаралық Бакалавриат Ұйымында авторландырудан немесе халықаралық институционалдық аккредиттеуден өткен дербес әзірленген интеграцияланған білім беру бағдарламаларын іске асыратын жекеменшік орта білім беру ұйымдарындағы оқуға ата-ана төлемақысы 1200 АЕК мөлшерінде бекітіледі. Ал ескі бұйрықта бұл қызметтерге сәйкесінше 1200 және 2400 АЕК көлемінде төлем көзделген.
«Жекеменшік білім беру ұйымдарында балалар үшін оқудың қолжетімділігін арттыру мақсатында ата-ана төлемақысының мөлшерін 50%-ға қысқарту көзделеді. Ата-ана төлемақысы туралы норма тек орта білім беру бойынша қызметтер көрсеткені үшін ғана ата-ана төлемақысын алу бөлігінде нақтыланады», делінген құжатта.
Бірақ төлем, тек білім беру қызметтеріне қатысты ғана төмендейді. Өйткені Білім туралы Заңның 1-бабының 49) тармақшасына сәйкес, орта білім – азаматтардың Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепілдік берілген, білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына (БМЖС) сәйкес бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын меңгеруі нәтижесінде алатын білімі саналады.
Бұл ретте Білім туралы Заңның 56-бабының 2-тармағында үлгілері мен түрлеріне қарамастан, барлық білім беру ұйымдары үшін БМЖС міндеттілігі көзделген. Осылайша жекеменшік мектептер БМЖС шеңберінде Білім туралы Заңның 62-бабының 4-3-тармағына сәйкес мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде қаржыландырылады.
«Шарттың еркіндігін назарға ала отырып, жекеменшік орта білім беру ұйымдары мен білім алушылардың ата-аналары тұру (интернат), тасымалдау, қосымша білім беру қызметтері мен білім беру, сондай-ақ білім алушылардың тамақтануы үшін тікелей білім беру процесіне тікелей тартылмаған қызметтерді орта білім беру бойынша білім беру қызметтерін көрсету шартына енгізе алады», делінген бұйрықта.
Яғни қосымша қызметтер баланың жатын орны, тамақтануы, тасымалдану және тағы басқасы ата-аналарға міндетті емес негізде немесе қолайлы бағамен бөлек ұсынылады.
Бұйрық 16 тамызға дейін талқылауда болады және қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.