Ауыл шаруашылығы саласындағы маман тапшылығына не себеп: урбанизация ма, жемқорлық па?

Жарияланды
Фото: shutterstock

Қазақстандағы ішкі азық-түлік қажеттілігінің 80 пайызын өндіріп отырған агросекторда жұмыс күшінің тапшылығы сезілуде. Соңғы мәліметтерге сәйкес, 150 мыңнан аса адам осы саладағы жұмысын тастап кеткен. Қазақстан үшін бұл қаншалықты оң немесе теріс көрсеткіш? Жалпы ауылдан қалаға қарай халықтың жаппай көшуі ел экономикасына кер3 әсерін тигізбей ме? «Курсив» тілшісі сарапшылардың пікірін білген еді.

Мәжіліс депутаты Анас Ахатұлы бұл дерекке күмән келтіреді, дегенмен ауыл шаруашылығында жұмыс күші жетпейтінін жоққа шығармайды. Оның себептерін де атап өтті.

«Біріншіден өндіріске қажетті шикізаттың қымбаттығы. Атап айтқанда, жанар-жағар май, химиялық қоспалар бағасы қымбаттады. Қызмет түрлерінің бағасы айтарлықтай өсіп кетті. Өндірілетін өнімге кететін шығынның 60-70 пайызы осы қажеттіліктерге кететінін білеміз. Ал шаруа үшін өнімді сату бағасы соңғы жылдарда өзгеріссіз тұр. Олар өнімдерін шетелге экспорттай қояйын десе ол жүйе де дұрыс жолға қойылмаған. Сондықтан, өнім бағасының арзан болуы бұл саламен айналысушылар үшін пайдасыз болып отыр»,-дейді А. Ахатұлы.

Мемлекет тарапынан қолдау аз. Анас Ахатұлының пайымынша саланы қолдауға бюджеттен бөлінген қаражат оны дамытуға жеткіліксіз.

«Жылына берілетін 450 миллиард теңге көлеміндегі субсидия біздегі агросекторды аяғынан тұрғызу үшін жеткіліксіз. Нақты айтар болсам, ел бойынша ауылшаруашылығына қажетті сома бұдан кемі 3-4 есе көп. Яғни, аталған саланы қолдап аяғынан тұрғызу үшін кем дегенде 2 трлн теңге субсидия бөлінуі керек»,-дейді ол.

Қарқынды урбанизация. Мәжіліс депутаты ауылшаруашылығы саласындағы еңбек күшінің азаюына ауыл халқының әлеуметтік жағдайды түзеу мақсатында қаралаға үдере көшуі ықпал етті деп санайды.

«Біріншіден ауылда жұмыссыздық деңгейі өте жоғары. Оны мойындауымыз керек.
Осы орайда айта кетейін, Біздің статистикада өзін-өзі жұмыспен қамту деген категория бар. Меніңше мұндай санат болмауы керек. Жергілікті жердегі басшылар, «тұрғындардың бәлен пайызы жұмыспен қамтылған»,- деп есеп беру үшін ойлап табылған тетік сияқты. Қорасында санаулы малы, ауласында кішкене бақшасы бар адамды өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр деп айту өтірік әңгіме»,-дейді сарапшы.

Экономист Сапарбай Жобаев урбанизацияны оң үрдіс деп қабылдайды.

«Меніңше бұл жағдай ауылшаруашылығы дамуына кері әсер етпейді. Керісінше еңбек өнімділігін оңтайландыратын түрлі техникалардың пайда болуы есебінен жұмыссыз қалған жастар қалаға келіп урбанизацияға үлес қосқанын қолдаймын»,-дейді экономист.

Дәл осы сарапшымыз урбанизацияны қолдағанымен, оның осыншалықты тез белең алып кетуіне сыбайлас жемқорлықтың да үлесі бар деген де пікірін қоса кетті.

«Ауылшаруашылығы саласында кәсіп етуді тастап, қалаға үдере көшудің тағы бір жағымсыз себебі бар. Ол сыбайлас жемқорлық. Мәселен ауылды жердегі құнарлы жерлердің бәрін қолында билігі бар тұлғалар таныс-тамырларымен меншіктеп алған. Ауылда тұратын қарапайым халық кәсіп істеу үшін жерге қол жеткізе алмаған соң, амалсыз қалаға кетіп жатыр. Яғни сыбайластық пен жемқорлықтың салдары бізді кейбір азық-түлік тауарларын экспорттауға мәжбүр етіп отыр»,-деп түйіндеді тақырыпқа қатысты пікірін белгілі экономист- сарапшы

Айта кету керек, жақында Үкімет басшысы Смайылов салаға қатысты ведомство башылары мен облыс әкімдеріне ауылды жерге инвестицияны көптеп тарту туралы тапсырма берген болатын..

Сондай-ақ оқыңыз