Қытай кәмелетке толмағандардың интернет пайдалану уақытын шектеуі мүмкін

Жарияланды
Қытай
Фото: Shutterstock

Қытай билігі 18 жасқа толмаған ел тұрғындары үшін мобильді құрылғыларда интернетті пайдалану уақытын күніне екі сағатпен шектеуді ұсынып отыр, деп хабарлайды Associated Press.

«Қытай Халық Республикасының Интернет-ақпаратының мемлекеттік канцеляриясы сәрсенбіде өз веб-сайтында кәмелетке толмағандарға 22.00-ден таңғы 6.00-ге дейін мобильді құрылғылардың көптеген қызметтерін пайдалануға тыйым салатын ереже жобасын жариялады, ал 16 мен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер Интернетті күніне екі сағат қана пайдалана алады», деп жазады агенттік.

Ұсынысқа сәйкес 8-15 жас аралығындағы балаларға интернетте отыруға күніне бір сағаттан, ал сегізге толмағандарға 40 минуттан аспайтын уақыт қана отыруға рұқсат беріледі.

Билік бұл ұсынысты жастардың смартфондар мен интернетке тәуелділігінің артуына байланысты ұсынған. Егер ереже қабылданса, бұл Қытайдың ең ірі онлайн ойын компаниясы Tencent және TikTok нұсқасы Douyin сияқты компаниялардың жұмысына әсер етуі мүмкін деп болжанады.

Ал білім беруге байланысты онлайн қызметтер бұл ережелерден босатылады. CAС әзірге қандай интернет қызметтер үшін жеңілдік жасайтынын нақтыламаған. Қытай үкіметі тиісті шектеулер енгізу туралы ұсынысты қарастырып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз