Меркідегі өрттің ауқымы 300 гектарға жетті, елді мекендерге қауіп жоқ – ТЖМ

Жарияланды

Төтенше жағдайлар министрлігі Жамбыл облысында құрғақ шөптің өртенуіне қатысты жағдайды баяндады. Аспара-Меркі орман шаруашылығында өрт шыққаны туралы министрлік 3 тамыз күні ақпарат таратқан еді.

«2 тамызда сағат 14.30-да Меркі ауданының Ақтоған ауылынан 20 км жерде «Меркі орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі» КММ (Аспара-Меркі орман шаруашылығы, 3-4 орамдары) аумағында таулы аумақта алдын ала болжаммен 200 га алаңда қураған шөп жанды», делінген еді, ведомстваның 3 тамыз таратқан хабарламасында.

4 тамыз күнгі ақпаратқа сәйкес, таулы аумақта тұтанған құрғақ шөп өртінің аумағы 300 гектарды құрайды.

«Күрделі рельеф, жетуі қиын жер мен қатты жел өрт сөндіру жұмыстарын қиындатуда. Елді мекендерге қауіп және зардап шеккендер жоқ», делінген хабарламада.

Сөндіру жұмыстары басталғалы Казавиаорманкүзетінің авиациясы өрт ошақтарына әуеден 13 рет  шамамен 19,5 тонна су төккен. Өртті сөндіруге Қазорманавиакүзетінің, жергілікті атқарушы органдардың және Жамбыл облысы ТЖД күштері мен құралдарынан 270 адам, 36 бірлік техника, авиация жұмылдырылған.

Сондай-ақ оқыңыз