Тоқаев мемлекеттік қызметкерлер туралы мәліметтерді жасыруға мүмкіндік беретін жарлыққа қол қойды
Президент «Қызмет бабында пайдалану үшін» белгісімен, яғни кейбір мемлекеттік қызметкерлер туралы ақпаратты жасыруға мүмкіндік беретін құжатқа қол қойды. «Мемлекеттік билік органдары жүйесіндегі кадр саясатының кейбір мәселелері туралы» Жарлық ҚР нормативтік құқықтық актілерінің электрондық түрдегі эталондық бақылау банкінде жарияланды.
«Қызмет бабында пайдалану үшін» белгісі:
Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын және босататын және (немесе) онымен келісу бойынша тағайындалатын және босатылатын, Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша сайланатын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша тағайындалатын және босатылатын мемлекеттік саяси қызметшілер, лауазымды және өзге де адамдар лауазымдарының тізбесі («Қызмет бабында пайдалану үшін» белгісімен);
Қазақстан Республикасының мемлекеттік саяси қызметшілерін, лауазымды және өзге де адамдарын лауазымға келісу, тағайындау және лауазымнан босату тәртібі туралы ереже («Қызмет бабында пайдалану үшін» белгісімен) бекітілсін.
Осы Жарлықтан туындайтын шараларды қабылдау Қазақстан Республикасының Үкіметіне, ал орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелді.
Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.