Маңғыстау облысындағы «Оңтүстік Қаратұрын» кен орындағы өрт тұрғындарға қауіпті емес – Экология департаменті
Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті «Бозашы мұнай» ЖШС команиясына қарасты «Оңтүстік Қаратұрын» кен орнындағы өртті сөндіру бойынша жағдайды баяндады.
«2023 жылы 9 маусымда Маңғыстау облысындағы «Оңтүстік Қаратұрын» кенорнында болған өрттен кейін барлық қолда бар ресурстар жұмылдырылды. Өрт салдарын жою үшін «Бозашы мұнай» ЖШС, кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметінің «Ақ Берен» Маңғыстау облыстық филиалы, «Өртке қарсы қызмет & Fare Safety» ЖШС және басқа да компаниялардың басшылығынан қүрылған Штаб құрылды. Оқиғаның себептерін анықтау үшін Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті департаментінің басшылығымен арнайы комиссия құрылды. Сондай-ақ халықаралық Halliburton және Schlumberger компанияларымен кеңесу барысында апатты жоюдың түрлі тәсілдері қарастырылды», делінген департаменттің instagram парақшласындағы ақпаратта.
Ақпаратқа сәйкес, кен орнындағы №303 ұңғымадағы апатты жою ағып жатқан газдың жануы және басқа да жағдайларға байланысты техникалық тұрғыда күрделі. Сондықтан, №303 жанып жатқан ұңғымаға қысымды төмендету үшін №305 бағыттамалы ұңғыманы бұрғылау туралы шешім қабылданған.
Мамандар жағдайды мұқият бағалап, қазіргі уақытта тұрғындар үшін қауіп жоқ екенін мәлімдеп отыр. Кен орны Ақтаудан 350 шақырым және жақын маңдағы Шебір елді мекенінен 70 шақырым жерде.
«Өрт кезінде бұрғылау жұмыстары жүргізілді, оның барысында газ-су қоспасы бөлініп, тұтану орын алды. Мердігер компанияның барлық қызметкерлері дереу эвакуацияланды. Газ өндіру жұмыстары жүргізілмегеніне қарамастан, «Бозашы мұнай» компаниясы заңға сәйкес апатты жою бойынша барлық шығындарды өз мойнына алып отыр», делінген ақпаратта.
Еске саламыз, Француздық Кayrros SAS геоаналитикалық фирмасының хабарлауынша, спутниктер бір айда кем дегенде тоғыз рет Қазақстан аймағынан атқылаған метан бұлттарын байқаған. Бұл тұжырымдаманы Нидерланды ғарыштық зерттеулер институтының SRON ғалымдары да растады. Спутниктерден алынған мәліметтер бойынша, метанның ағуы «Бозашы мұнай» компаниясының Шығыс Қаратұрын кен орнынан байқалған.
Кайростың бағалауы бойынша, жерсеріктік деректер негізінде кен орнынан шығатын шығарындылардың жылдамдығы сағатына 35-тен 107 метрикалық тонна метанды құрайды. Олай болса, 9 маусымнан бастап осы жерден үздіксіз атқылаған метан климатқа жыл сайынғы шығарындылар сияқты зиян келтірді.
Маңғыстау облысында маусым айынан бастап жанып жатқан өртті сөндіруге миллиондаған теңге жұмсалғанын жазған болатынбыз.
Бузачи мұнай» ЖШС – AIL Alpha Corporation Ltd компаниясы арқылы Мұрат Сафинге тиесілі. Мұрат Сафин – MTA Securities & Investment Limited компаниясына тиесілі «Атыраумұнайгазгеология» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы.
Оның туған ағасы – Қанатбек Сафинов. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты. Оның өмірбаяны мұнай және энергетика саласымен тығыз байланысты. Өзінің карьералық жолын лауазымды қызметтерден бастаған. Кейінгі жылдары мемлекеттік маңызы бар ұлттық компанияларға басшылық еткен. Атап айтқанда, 2019 жылға дейін Қанатбек Сафинов «ҚазМұнайГаз» ҰҚ АҚ құқықтық қамтамасыз ету бойынша басқарушы директоры, «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдинг» АҚ-ың басқарушы директоры кейіннен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ың басқарушы директоры – басқарма мүшесі, Қазақстан Республикасы Энергетика және минералды ресурстар министрлігіның Жауапты хатшысы, Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің Жауапты хатшысы, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Жауапты хатшысы қызметтерінде істеген.