Ауқымы 300 гектарға жеткен Меркідегі өрт оқшауланды – ТЖМ
Төтенше жағдайлар министрлігі Жамбыл облысындағы өрттің оқшауланғанын хабарлады.
«Жұмылдырылған ТЖМ бөлімшелерінің және жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдарының бірлескен әрекетінің арқасында Жамбыл облысының таулы аймағындағы құрғақ шөп өрті бүгін сағат 13.50-де оқшауланды», делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, 3 тамыз күні Жамбыл облысының Төтенше жағдайлар департаменті Меркі ауданында 200 га жерде қураған шөп өртеніп жатқаны туралы хабарлаған болатын.
Ал 4 тамыз күні таулы аумақта тұтанған құрғақ шөп өртінің аумағы 300 гектарды құрағаны белгілі болды. Күрделі рельеф, жетуі қиын жер мен қатты жел өрт сөндіру жұмыстарын қиындатқандығы айтылған.
Сөндіру жұмыстары басталғалы Казавиаорманкүзетінің авиациясы өрт ошақтарына әуеден 13 рет шамамен 19,5 тонна су төккен. Өртті сөндіруге Қазорманавиакүзетінің, жергілікті атқарушы органдардың және Жамбыл облысы ТЖД күштері мен құралдарынан 270 адам, 36 бірлік техника, авиация жұмылдырылған.