Балабақшаға кезекке тұруға арналған бірыңғай жаңа база құрылады
Қазақстанда мектепке дейінгі ұйымдар үшін кезектілікті есепке алудың бірыңғай базасы құрылады. Бұл жайлы Орталық коммуникациялар қызметінде Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Наталья Жұмаділдаева айтты.
Мектепке дейінгі білім беруде кезектілікті есепке алудың бірыңғай базасын енгізу 2023 жылдан бастап іске асырыла бастайды. Бұл база өз кезегінде қызметтердің ашықтығын, деректердің бірыңғай тізілімін және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуды қамтамасыз етеді деп күтілуде. Бұл базаға сәйкес отбасының өмірдегі жағдайларына байланысты ата-аналардың мектепке дейінгі ұйымды таңдауының жаңа тәсілі пысықталатын болады. Атап айтқанда ата-аналар баланы кезекке қойғанда төрт ұйымды бірден таңдай алады.
«Қазір Білім министрлігі кезекке тұрудың жаңа механизмін әзірлеуде. Деректер базасы баланың кезекке тұру және жолдама алу құқығының заңдылығын толық тексеретін интеграциялық алаңға айналады. Жаңа базаға сәйкес мектепке дейінгі ұйымды таңдауда мүлдем жаңа тәсілмен жұмыс істеп жатырмыз. Әр отбасы отбасының өмірлік жағдайына қарай төрт мектепке дейінгі ұйымды таңдау құқығына ие болады», дейді Жұмаділдаева.
Департамент өкілінің айтуынша, елді мекендердің карталарында барлық мектепке дейінгі ұйымдардың төлқұжаттары, кезек қозғалысы көрсетілетін болады. Ал ата-аналардың таңдау жасауы үшін мүмкіндігінше түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Осыған дейін Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі биыл елімізде балаларды мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен қамту мақсатында республика бойынша 81 мың жаңа орын ашылатыны туралы хабарлаған болатын.