Қайталама нарықтағы баспана арзандап келеді

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Қайталама нарықтағы баспаналар арзандап келеді. Өткен айда бір шаршы метрдің құны 1,7%-ға төмендеп, 494,4 мың теңгені құрады, деп жазады DataHub телеграм арнасы, Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

Баға соңғы 5 айдың 4-інде төмендеген. Тек мамыр айында ғана баспана құны тұрақтап қалған. Сарапшылардың пікірінше, 2015 жылдың басынан бері мұндай бағалардың төмендеу үрдісі байқалмаған.

Жалпы көрсеткіштің динамикасына үлес қосқан негізгі 5 ірі қала Астана, Алматы, Көкшетау, Қостанай және Өскемен. Астанада қайталма нарықтағы баспаналар -3,4%-ға, Алматыда -1,5%-ға, Көкшетауда -1,3%-ға, Қостанайда – 1%-ға бағасы төмендеген. Ал Өскеменде соншалық төмендей қоймағанымен, біршама өзгеріс бар, онда қайталама нарықтағы баспаналар -0,5%-ға арзандаған.

Жалпы, жыл басынан бері қайталама нарықтағы тұрғын үй бағасы 3,7%-ға төмендеген. Ал бір жылда 0,7%-ға арзандады.

Бұл орайда жаңа салынған баспанадардың да арзандағанын айта кеткен жөн. Бұл нарықтағы бағалар соншалықты төмендей қоймаған, десе де – 0,1%-ға арзандаған. Қазір жаңа баспананың бір шаршы метрі 486,2 мың теңге тұрады. Бұл нарықтағы бағалар айтарлықтай түсе қоймайды. Жаңа баспананың арзандау үрдісі соңғы 7 айда екінші рет қана түсіп отыр. Жыл басынан бері бұл нарықтағы үйлер 1,6%-ға қымбаттаса, бір жыл ішінде бағалар – 4,3%-ға артып отыр.

Арзан бағадағы баспаналар 4 ірі қалада сатылған. Олар – Павлодар -2,2%, Қостанай -1,7%, Алматы – 0,6% және Көкшетау – 0,9%.

Ал жалға берілетін баспаналар нарығы керісінше, қымбаттап кетті. Жалға берілетін үйлердің бір шаршы метр шамамен 4,7 мың теңгені құраған. Бұл өткен айдың көрсеткішінен 1,9%-ға қымбат. Бұл нарықтағы бағалар маусымына байланысты өзгеріп отыратыны анық. Жалпы 2015 жылдың басынан бері жалға беру ақысы дәл осы шілдедегідей қымбаттамаған.

Ал, ірі қалаларды қарастыратын болсақ, жалдау ақысы ең көп өскен шаһар – Қарағанды. Онда жалдау құны – 3,9%-ға қымбаттаған. Одан кейінгі орында Алматы тұр. Мұнда жалға беру құны 3,1%-ға артқан. Сонымен бірге Петропавлда баға 0,6%-ға, Шымкентте 0,1%-ға өскен. Қалған қалалардың барлығында, оның ішінде Астанада баға өзгерген жоқ.

Жыл басынан бері жалға алу ақысы 1,5 пайызға арзандағанымен, жыл қорытындысы бойынша оның 28,6 пайызға қымбаттағанын көруге болады.

Сондай-ақ оқыңыз