Түркіменстан газ саласында Ресейден гөрі Еуропамен ынтымақтасуға ниетті

Жарияланды
Фото: shutterstock

Қазақстан, Ресей, Өзбекстан «үш жақты газ альянсын» кеңейтуге қатысты туындаған бірқатар мәселелерді айқындау керек. «Түркіменгаз» мемлекеттік концерні басшысының орынбасары Мырад Арчаев осылай деп мәлімдеді.

Бұған дейін, РФ СІМ экономикалық ынтымақтастық департаментінің директоры Дмитрий Биричевский Қазақстан, Ресей, Өзбекстан «үш жақты газ альянсын» кеңейтуге қатысты мәлімдеме жасаған. Ол «газ саласындағы үш жақты ықпалдастықты кеңейту» мүмкіндігі бар екенін және «оған өзге де мемлекеттер қызығушылық танытып отырғанын білетінін» жария еткен.

Арчаевтың сөзінше, мұндай мәлімдемеге қатысты бірнеше сауал туындайды, атап айтқанда, қандай кеңею мүмкіндіктері туралы сөз болып отыр, ол жобаға қызығушылық танытып отырған қандай мемлекеттер және газ саласындағы үш жақты ынтымақтастық деген жобаның мәні неде.

«Толық айқындық қажет, өйткені мұнда Түркіменстанмен қатар өзге де мемлекеттердің мүддесі жатыр», деді Арчаев.

Айтуынша, «Түркіменстан, Қазақстан, Өзбекстан және Қытай бірнеше жылдан бері Орталық Азиядан Қытайға табиғи газ тасымалдау бойынша, нақты бекітілген көлем, мерзім, экономикалық және техникалық параметрлер аясында ұзақ жылдан бері ынтымақтасып келеді».

Оның сөзінше, қазір Түркіменстан – Қытай бағытында үш газ құбыры арқылы түркіменнің шығыс және оңтүстік-шығыс аймақтарындағы кен орындарынан көгілдір отын тасымалданып жатыр.

Айта кету керек, бұл үш құбыр да Қытай-Түркімен ынтымақтастығы аясында, «Түркіменгаз» және қытайлық CNPC компаниясының қолдауымен жүргізілген. Бұл құбырлар арқылы ірі газ жөнелтуші Түркіменстан болып отыр, жылына тасымалданатын 55 млрд текше метр газдың 40 млрды түркімен газы болса, қалған көлемді Қазақстан мен Өзбекстан өзара бөліседі.

«Түркіменгаз» компаниясы басшысының орынбасары, осы келісім-шарт аясында төртінші елдің бұл жобаға қатысуы қарастырылмаған, «Қытайға тасымалдау бойынша «Түркіменстан-Қытай» газ құбыры жобасына қатысушы құрамды кеңейту туралы жоспар жоқ».

Ал, осы инфрақұрылымды қолдану арқылы газды жеткізу схемасы мен рәсімделген және келісілген көлемді өзгертуге қатысты кез-келген шешімді жобаның барлық қатысушылары алдын-ала келісуі тиіс. Арчаевтың айтуынша, Түркіменстанмен мұндай келіссөздер жүргізілген жоқ.

Еуропаға бағыт

Дегенмен, газ саласында Ресей, Қазақстан мен Өзбекстанның «үш жақты альянсына қатысты» оң ыңғай танытпаған Түркіменстан бұл салада Еуропамен ықпалдасуға бейім екенін аңғартты.

Түркіменстан сыртқы істер министрі Рашид Мередов Транскапий құбырының жүзеге асыру бойынша еуропалық әріптестермен ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін мәлім етті.

«Түркіменстан энергетикалық ағындарды әртараптандыру стартегиясын ұстанатын ел ретінде, Транскаспий құбыры жобасын іске асыру бойынша еуропалық әріптестермен ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін білдіреді», деді Мередов.

Оның айтуынша, газ құбырын салу туралы идеяға бастамашы болған Түркіменстан.

«Ашхабад үшін бұл экономикалық және коммерциялық тұрғыда негізделген жоба ғана емес, энерготасымалдаушылардың, тұтынушылар мен өндірушілердің пайдасы мен мүддесін теңдей ескеретін, ғаламдық энергетикалық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі шешуші шарт ретінде қарастырады», деді Түркіменстан СІМ басшысы.

Айта кету керек, Қазақстан Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев 14-17 маусым аралығында өтіп жатқан Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумында сондай – ақ Ресей Федерациясының негізгі салалық компаниялары – «Росатом», «Газпром» және «ИнтерРАО» компанияларымен кездесулер өткізген еді.

«Газпром» Басқарма төрағасы Алексей Миллермен кездесуде «Газпром» мен «QazaqGaz» арасында Өзбекстан тұтынушылары үшін ресейлік табиғи газды тасымалдау туралы шартқа қол қойылды. Сондай-ақ газды жеткізу, өңдеу және тасымалдау саласындағы ынтымақтастық талқыланды», деп хабарланған еді.

Сондай-ақ оқыңыз