7 айда министрліктер 78 млрд теңгені игере алмаған

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Биыл қаңтар-шілдеде министрліктер 78 млрд теңгені, облыстар 83 млрд теңгені игере алмаған. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді.

Үкімет отырысында министр премьер-министр Әлихан Смайыловқа 7 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржының атқарылу көрсеткіші туралы есеп берді.

Жамаубаевтың айтуынша, мемлекеттік бюджетке 10,4 трлн теңгеден аса кіріс, республикалық бюджетке 6,8 трлн теңге кіріс түскен.

«Республикалық бюджет бойынша 12,8 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді. Атқарылмау – 95 млрд теңге. Оның ішінде үнемдеу – 17 млрд теңге. Игерілмегені – 78 млрд теңге. Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары Экология және табиғи ресурстар, Мәдениет және спорт, Төтенше жағдайлар, Индустрия және инфрақұрылымдық даму және Оқу-ағарту министрліктерінде қалыптасты», – деді Ерұлан Жамаубаев.

Игерілмеудің негізгі себептері: конкурстық рәсімдердің ұзақ өткізілуі; шарттарды, қосымша келісімдерді жасасу рәсімдерін дер кезінде өткізбеу, орындалған жұмыс актілерінің, шот-фактуралардың уақтылы ұсынылмауы.

«Жергілікті бюджеттердің шығыстары – 6,7 трлн теңге. Атқарылмағаны – 83 млрд теңге. Биыл өңірлерге 2 трлн теңгеге жуық нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 тамызға 891 млрд теңге бөлінді. Оның 97,4%-ы игерілген. Игерілмегені – 23 млрд теңге. Ең көп игерілмеу Астана қаласы, Атырау, Жетісу, Қарағанды және Алматы облыстарында», – деді үкімет басшысының орыбасары.

Сондай-ақ оқыңыз