Рубльдің құлдырауы: Ресей Орталық банкі негізгі мөлшерлемені 12%-ға көтерді
Ресей Банкінің Директорлар кеңесі негізгі мөлшерлемені 2023 жылғы 15 тамыздан бастап 12%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдады.
«Бұл шешім баға тұрақтылығына қатысты тәуекелдерді шектеу мақсатында қабылданды. Инфляциялық қысымның өсуі жалғасуда. 7 тамыздағы жағдай бойынша жылдық инфляция 4,4%-ға дейін өсті. Бұл ретте бағаның ағымдағы өсу қарқыны одан әрі үдеуде. Орташа алғанда, соңғы үш айда маусымдық түзетілген ағымдағы өсім жылдық мәнде 7,6% құрады. Базалық инфляцияның дәл осындай көрсеткіші 7,1%-ға дейін өсті», делінген банк хабарламасында.
Ресей банкінің мәліметінше, өндіріс көлемін кеңейту мүмкіндігінен асатын ішкі сұраныстың артуы, тұрақты инфляциялық қысымды күшейтеді және импортқа сұраныстың артуы есебінен рубль бағамының динамикасына әсер етеді. Нәтижесінде, рубль құнсыздануының бағаға өтпелі әсері артып, инфляциялық күтулер көтеріледі.
Ресей Банкі қабылдаған шешім инфляцияны 2024 жылы 4%-ға қайтару және болашақта оны 4%-ға жуық тұрақтандыру үшін қажетті ақша-несие конъюнктурасының және жалпы ішкі сұраныстың динамикасын қамтамасыз етуге бағытталғанын хабарлады.
«Алдағы уақытта бағаның ағымдағы өсу қарқынын қол жеткізілген деңгейде ұстап тұру инфляцияның 2024 жылы мақсатты көрсеткіштен жоғары ауытқуының елеулі тәуекелін білдіреді. Ресей Банкі инфляцияның мақсатты көрсеткішке қатысты нақты және күтілетін динамикасын, экономиканы қайта құрылымдау үдерісін, сондай-ақ ішкі және сыртқы жағдайлардан туындайтын тәуекелдерді және қаржы нарықтарының реакциясын ескере отырып, негізгі мөлшерлеме бойынша одан әрі шешімдер қабылдайды. Ресей Банкінің болжамы бойынша, жүргізіліп жатқан ақша-несие саясатын ескере отырып, жылдық инфляция 2024 жылы 4%-ға дейін қайтады», деп мәлімдеді реттеуші банк.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, негізгі мөлшерлеме деңгейі Ресей Банкінің Директорлар кеңесінің 2023 жылдың 15 қыркүйегінде өтетін жиналыста талқыланады.
Көптеген сарапшылар бұл шешімді бір күн бұрын ресейлік рубльдің айтарлықтай құлдырауымен байланыстырады. Ресей банкі жағдайды барынша түзетуге талпынып жатыр. Рубльдің құлдырауы теңгеге және Қазақстан экономикасына қалай әсер ететіні белгісіз. Бірақ Ұлттық Экономика министрі Әлібек Қуантыров қандай да бір экономикалық қауіп төнсе, биліктің жедел қимылдайтынын айтты.
«Егер біздің экономикалық саясатымыздың шеңберінен шығатын қандай да бір жағдай туындаса, монетарлы билік және үкімет жедел түрде әрекет ететін болады. Сондай-ақ қандай да бір тауар ағыны артып, біздің экономикамызға қауіп тудырса, әрине, біз тиісті шаралар қабылдаймыз. Бұл мәселенің екі жағы бар. Өйткені тауарлар ол елден бізге арзан бағада келе бастаса, ол инфляцияға оң әсер етеді. Яғни Ресейден импорттайтын біздің кәсіпкерлер үшін тиімді. Сондықтан бұл мәселелер толық ескерілетін болады», дейді министр.
Еске сала кетсек, 14 тамыз таңертең Мәскеу биржасында доллар мен еуро тұрақты өсіп, Ресей валютасы құлдырай бастады. 2022 жылдың 23 наурызынан бері алғаш рет бір доллар 100 рубльден асып түсті.
Ол күні доллардың бағамы 100,16 рубльге дейін қымбаттап, сауда-саттықтың жабылуынан кейін 72,5 тиынға жоғарылады. Ал еуро осы уақытқа дейін 74 тиынға қымбаттап, бір еуро 109,52 рубльді құрады. Қос валюталық қоржынның құны (0,55 доллар және 0,45 еуро) 73,18 тиынға – 104,37 рубльге дейін өсті.