АҚШ, Түркия және Украина талқылап жатқан «астық мәмілесінде» Ресей жоқ
АҚШ Түркия және Украинамен Ресейдің қатысуынсыз астық келісімін талқылап жатыр, деп хабарлайды Мoscowtimes басылымы.
Басылымның хабарлауынша АҚШ билігі Түркиямен, Украинамен және оның көрші елдерімен украиндық астықты экспорттаудың балама жолдарын пайдалану туралы келіссөздер жүргізіп жатыр. Ал The Wall Street Journal басылымы тараптардың Ресейдің Қара теңіз арқылы азық-түлік жеткізілімінің қауіпсіздігіне кепілдік берген келісімнен шыққаннан кейін тығырықтан шығудың жолын іздей бастағаны туралы жазады.
Вашингтон қазан айына дейін Дунай арқылы айына 4 миллион тонна астық экспорттауды көздейді. Астықтың көп бөлігі өзеннен төмен қарай және Қара теңіз арқылы Румынияның жақын маңдағы порттарына жөнелтіліп, ол жерден басқа елдерге тасымалданады. Ұзақ әрі қымбаттығына қарамастан, бұл бағыт Қара теңіз дәлізіне балама бола алады.
Сонымен бірге, Америка Құрама Штаттары барлық жан-жақты тасымал түрлерін де қарастырып жатыр. Соның ішінде Украина порттарымен жұмыс істейтін кемелерді қорғау мәселесі де бар, деп хабарлады WSJ дереккөзі. Ол бұл опциялардың егжей-тегжейі мен оларға қатыса алатын елдерді атаудан бас тартты.
АҚШ Украинаның ішкі және одан тыс жерлеріне астық пен басқа да тауарлардың кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін Еуропалық Одақтың бастамасы бойынша «ынтымақтастық дәліздерін» ашуы мүмкін. Олар автомобиль және теңіз жолдарынан тұрады. Еуропалық шенеуніктер бұл жол арқылы Украина айына 5-5,5 миллион тонна астық экспорттай алады деп топшылайды. Ал ЕО қатысуымен қараша айында тасымалданған астықтың ең үлкен көлемі 4,2 млн тоннаны құраған. Бұл экспорттың көп бөлігі, шамамен 60%-ы Дунай жолымен келген. Ал Қара теңіздегі «астық дәлізі» арқылы Украинаның Одесса облысындағы үш порттан айына шамамен 6 миллион тонна астық экспорттау мүмкін болған.
АҚШ, Украина және Еуропа елдері Украинаның жазғы және күзгі егіндерін тасымалдау жоспарын ақылдасып жатыр. Бұлайша Ресейдің қатысуынсыз баламалы бағыттарды жоспарлау – астық келісіміне Ресейдің оралмайтындығының белгісі деп топшылайды сарапшылар.
«Ресей дүниежүзілік азық-түлік жеткізу жолдарына шабуыл жасауды шешті және ол шабуылын аяқтамайынша, олардың келіссөздер үстеліне қайтару қиын болады», дейді WSJ дереккөзі.
Десе де, Түркия мен БҰҰ Ресейді астық келісіміне қайта оралуға көндіргісі келеді. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған өткен жылы мәміле жасауға көмектескен. Көпшілік осы жолы да Түркия президенті астық жинау науқаны басталғанға дейін бұл мәселені шеше алады деп үміттенеді.