Доллар қымбаттады. Теңге бағамының құбылуына қатысты болжам қандай?

Жарияланды
Қазақстан қор биржасында теңгенің орташа сараланған бағамы 463,19 теңгеге дейін әлсіреді / Фото: kursiv.media

Қазақстан қор биржасындағы таңғы саудада доллар бағамы құбыла түсті. Сағат 10.00-де басталған валюталық операциялар барысында теңге АҚШ долларына қатысты 1,6%-дан астам әлсіреп, 466-467-ге жетті.

Бұл тұста ақша айырбастау орындары долларды 469 теңгеден саудалай бастады. Түске қарай нарық қарқыны бәсеңдеді, әйтсе де биржада орташа сараланған бағам 1,9%-ға әлсіреп, 1 долларға 463,19 теңгені құрады.

16 тамызда да доллардың орташа сараланған бағамы қымбаттап, бір долларға 454,30 теңге болған. Бұл ретте Астананың ақша айырбастау орындарында доллар сату 460, 59 теңге, сатып алу 464, 94 теңге, ал Алматының айырбастау пунктерінде орта есеппен доллар сату 460,65 теңге, сатып алу 464,30 теңге арасында.

Осы тұста Ұлттық банк теңгенің жиі құбылуына қатысты түсініктеме бермеді. Тек бас банктің бұрынна келе жатқан ұстанымын ғана тізбектей аламыз.

«Еркін құбылмалы айырбас бағамы саясаты аясында валюта нарығына қатысушылар іргелі факторларға байланысты валютаның құнын дербес анықтайды. Теңге бағамының одан әрі серпіні факторлардың жиынтығына, соның ішінде нарық қатысушыларының күтулеріне, валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігіне, әлемдік нарықтардағы жағдайға байланысты болады», – деп түсіндіріп келеді Ұлттық банк валюта нырығындағы жағдайды.

Бүгінгі валюта бағамына қатысты пайымымен экономист Ғалымжан Айтқазин өзінің авторлық арнасында бөлісті. Сарапшы бірқатар объективті факторларды атаған.

«Теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамы екінші күн қатарынан айтарлықтай әлсіреді және менің ойымша, оның бірқатар объективті себептері бар. 2023 жылдың наурыз айынан бері ұлттық валютаның АҚШ долларына шаққандағы бағамының апта сайынғы төмендеуіне сыртқы және ішкі факторлардың өзгеруі себеп болды. Дегенмен, біздің ойымызша, мұндай реакция неғұрлым тегіс және дер кезінде болуы мүмкін еді. Валюта бағамын іргелі факторлардан ажырату уақыт өте келе валюта бағамына қысымды күшейтеді, бұл ақыр соңында жедел ауытқуларға әкеледі», – деген экономист.

Айта кетейік, соңғы айларда Ұлттық Банктің (Ұлттық қордан аударымдар бойынша) және квазимемлекеттік сектордың шетел валютасын қор биржасында жоспарлап саудасы теңгеге қолдау болды. Нәтижесінде теңге салыстырмалы тұрақтылығын сақтап келді.

«Жалпы алғанда, теңге бағамының қазіргі жағдайы Қазақстандағы да, әлемдік экономикадағы да макропроцестерге жауап болып табылады», – деді сарапшы.

Ал Alpari сарапшысы Анна Бодрова осы аптада теңгенің құнсыздануы соңғы бес айдағы ең жоғары көрсеткіш екенін атап өтті.

«Сыртқы фон теріс динамика көрсетті. Тауар нарығында түзету жалғасуда, АҚШ доллары әлемдік аренада айтарлықтай қымбаттады. Дегенмен, теңге үшін құнсыздануға үкіметтің бәс тігуінің салмағы көбірек. Бүгінгі таңда валюта бағамының құбылуына қатысты күтулер мынадай дәлізде: доллар 454-460 теңге, еуро – 490-510 теңге, рубль – 4,60-5,00 теңге, юань – 61-63 теңге болады», – деді сарапшы.

Сондай-ақ оқыңыз