Смайылов АрселорМиттал Теміртау-ға жүргізіліп жатқан аудиттерді жедел аяқтауды талап етті

Жарияланды
Премьер-министр «АрселорМиттал Теміртау» шахтасындағы апатқа байланысты жедел кеңес өткізді / фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Үкімет басшысы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясында болған апатқа байланысты жедел кеңес өткізіп, онда жүргізіліп жатқан өнеркәсіп және экологиялық аудиттерді тез арада аяқтауды талап етті. Бұл туралы премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Әлихан Смайылов апат салдарынан қаза тапқан кеншілердің туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

Жиында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жағдайды баяндады.

Естеріңізге саламыз, 17 тамызда сағат 10:05-те компанияға қарасты «Қазақстан» шахтасында конвейерлік таспа тұтанған. Жедел әрекет ету шеңберінде апатты жою жоспары дереу іске қосылып, жұмысшылар жер үстіне шығарылған.

Оқиға болған кезде шахтада 227 адам болған. 17 тамыз 13:50-дегі жағдай бойынша 222 кенші жер үстіне шығарылды. Шахтаны қою түтін басқандықтан, тағы бес кенші шыға алмады. Құтқару жұмыстары барысында сағат 17:20-да бір кеншінің денесі табылды. 18 тамызда сағат 08:10-да жоғалған екінші кеншінің денесі табылды. 18 тамыз күні түс әлетінде тағы бір кеншінің опат болғаны хабарланды.

Бөлекпаевтың дерегінше, «Қазақстан» шахтасында өрт әлі оқшауланбаған. Қазіргі уақытта шыққан өртті шахтаның өзге жағынан сөндіру бойынша шаралар жүргізіліп жатыр.

Ал, жиынға қатысқан Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің хабарлауынша апаттан 13 адам зардап шеккен. Олардың тоғызы улы газдан уланып, оның ішінде ауыр дәрежеде иіс тиіп, Х.Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханаға жеткізілді. Бүгінде екі шахтер жан сақтау бөлімінен ауыстырылды.

«Науқастардың жағдайы – орташа ауырлық дәрежеде, тұрақты. Естерін біледі. Тағы төрт адам Шахтинск қаласының орталық ауруханасына жеткізілді. Екі адам амбулаториялық емделуге жіберілді, тағы екі адам стационарлық ем қабылдап жатыр, олардың жағдайы – орташа ауыр дәрежеде», делінген хабарламада.

Жиын соңында Премьер-Министр «Қазақстан» шахтасындағы апаттың себептерін жан-жақты тексеру үшін комиссияның жұмысын сапалы қамтамасыз етуді және зардап шеккен отбасыларға барлық қажетті көмекті көрсетуді тапсырды.

Сондай-ақ, Үкімет басшысы тиісті шешімдер қабылдау үшін ТЖМ мен Экология және табиғи ресурстар министрліктеріне «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-да жүргізіліп жатқан өнеркәсіп және экологиялық аудиттерді жедел аяқтауды талап етті.

Сондай-ақ оқыңыз