Трамп Айдарханов, кәсіпкер: Кез-келген өндірістің бастапқы екі жылы қиынға соғады

Жарияланды

Су фильтрін шығаратын зауыт ашқан кәсіпкер. Фото: жеке архив

Трамп Айдарханов – елімізде су фильтрін шығаратын зауыт ашқан тұңғыш кәсіпкер. Бұл кәсіпке ол 2016 жылы кіріскен. Содан бері зауыттың қуаттылығы артып, мүмкіндіктері молайып, тауарлары экспортқа шыққан және ел ішінде де таралу географиясы үлкейе түскен. Зауытты ашу барысында отандық кәсіпкерлікті қолдау шараларын тиімді пайдаланған.

Кейіпкеріміз әуелі, 2012 жылы Алматыда вендинг аппаратын орнатады. Арада төрт жыл өткенде фильтр бағасы күрт қымбаттай бастайды. Ол кезде Қазақстанға фильтр жеткізумен Ресей кәсіпкерлері айналысқан. Олар «біз қандай баға қоямыз, сол бағамен аласыңдар» деп жауап береді қымбатшылық туралы шағымға. Бағаны Ресей емес, Қытай да қымбаттатқан. Олардан сұрағанда «сендер кедендік одаққа кіріп жатырсыңдар, сондықтан біздің тауарларға салынатын баж көбейді» депті. Сөйтіп, 500 теңгелік фильтр 1500 теңгеге өскен.

Неліктен зауыт ашпасқа деген ой осыдан кейін келді ғой демек?

– Иә. Қытайға хабарласып сұрасам, толыққанды фильтр зауытын ашудың құны 12-15 млн шамасында екен. Олар Шанхайда орналасқан екен. Сол кездегі бағамен 30 мың доллар. Жай-жапсарын сұрап алғаннан кейін «Даму» қорына бардым. Олар маған мемлекет есебінен жүзеге асырылатын тегін оқу курсын ұсынады. «Атамекен» палатасына барып нақты өңдеуші өнеркәсіп санатына жататыныңызды анықтап келсеңіз, біз сіздің кредитке субсидия жасаймыз, үйіңізді (ол кезде бір бөлмелі үйім бар) кепілге қоясыз да жүргізесіз деді. Сонымен қатар олар үш жыл бойы ешқандай тексеріс жүргізілмейтінін, салық салынбайтынын да айтты. Несие сомасы 12 млн теңге болды және субсидия ай сайынғы төлемнің 10 пайызын жауып тұрды. Ал зауыттың құны 18 млн теңгеге бағаланды.

Бірінші «Дамудың» курсын оқыдым. Одан кейін жетекшілердің курсын бітіріп шықтым екі-үш айда. Қытайға барып келісім жасап, желтоқсан айында құрылғыларды орнаттық. Оларды қоятын орын табуда Алматы қаласының әкімдігі көмек берді. Бос жатқан өнеркәсіптік аймақ бар екен, соны ұсынды. Дәл сол кезде Павлодарда мұнай өңдеу зауыты ашылып жатты да, біз солардан шикізат, яғни пластик алып тұратын болып келістік. Сөйтіп, өндіріске кірісіп кеттік. Баға қойған кезде зауыттың маржасы 5-10 пайыз ғана болды. Фильтр бағасы 100 теңге тұрады. Халық ала бастады. Бір жылдан кейін фильтр шығарумен айналысатын ресейлік компания хабарласып «неге сендер төмен бағада сатасыңдар?» дейді. «Мен өнімді Қазақстанның ішінде шығарып жатырмын. Бұл – менің нарығым. Қандай баға қоямыз, оны өзіміз шешеміз» деймін. «Жоқ, сен бағаны көтер, өйткені біздің сатылым төмендеп жатыр» дейді. Әрине, онымен біз келіскен жоқпыз. Осылайша, отандық өндірістің бәсі өсе бастады. Кез келген өндірістің әдепкі екі жылы біраз қиынға соғады. Бірақ алдын ала оқығанның арқасы шығар, біздер туындауы мүмкін тәуекелдерге дайын болдық. «Дағдарыс кезінде компанияны басқару» деген мамандықты да оқығанбыз. Соның әсері болар, екі жылдың ішінде зауыт пайдаға шығып үлгерді.

Бастапқыда тәуліктік өндіріс қуаттылығы қандай болды?

– Ол кезде мені және әкімшілік топты қоспағанда өндіріс басында 4 адам жұмыс істейді. Күндізгі және түнгі ауысыммен. Зауыт күніне 1500 фильтр шығара алады. Бір айда 25-30 мың фильтр шығарып тастаймыз. Шынымды айтсам, алғашқы бес жылда біз бірде бір күн демалмаппыз. 2020 жылы пандемия басталардан екі ай бұрын, қаңтарда QazTrade хабарласып, өнімдеріңізді экспорттауға қалай қарайсыздар, сіздерді Alibaba платформасына шығатындар тізіміне қоссақ деп ұсыныс жасады. Біз әрине, келістік. Наурызға дейін бізді оқытты екі ай. Сөйтіп, қосты. Дәл сол кезде карантин де басталды. Сәуір айында Alibaba арқылы Өзбекстаннан хабарласып, фильтр сұрады. Сәуірде келісіп, шілде айында алғашқы экспортты жүзеге асырдық. Бір газель фильтр жөнелттік. Одан кейін Македониядан ұсыныс келді. Бірақ Еуропаның талабы басқа екен, экспорт жасау кезінде аздап қиындық туындады. QazTrade-ке хабарласып едім, сөйтсем олардың Еуропалық Одақпен және Дүниежүзілік сауда ұйымымен шарты бар, соның аясындағы оқытуға жіберетін болды. Екі аптадай оны оқыдым.

Еуропаға тауар экспорттау үшін қандай талаптар қойылады екен?

– Олар тауардың экологиялық тазалығына баса мән береді ғой. Сондықтан әр қағаздың бетінде қандай материалдан жасалғаны жазылып тұру керек екен. Олар кейін оны сұрыптауға, қайта өңдеуге жіберетіндіктен пакеттің қанша жылда шіритінін де білуі керек. Пластиктің де қанша уақытта бұзылатыны жазылады. Сосын ол пластик зауыттан шыққан жаңа ма, әлде қолданылған ба дегенді де қадағалайды. Өйткені фильтр суға қойылады, ал ол ішетін су болса адам денсаулығына әсер етеді. Біз 200 дана фильтрдің барлығын осы талапқа сәйкестендіріп, жасақтадық. Бірден қабылдап алды.

Экспорттық шығындарды өздеріңіз төлейсіздер ме?

– Басында өзім төлеп жүргенмін. Кейін білдім, «KazakhExport» компаниясы шығынның 80 пайызын жауып береді екен. Шығынды өтеу тауардың қаншалықты отандық екеніне байланысты. Мысалы, қасықтың темірі өзіміздікі, сыртқы қорапшасын Қытайдан әкеліп қаптасам, онда шығынның 50 пайызын ғана өтейді. Ал біздің өнімнің шикізаты да, пакеті де, қағазы да өзімізден. Сондықтан 80 пайыздық көлемде өтемақы аламыз. Ал экспорттық шығын дегеніміз – жолдың құны және рәсімдеу құны. Ол ақшаны әуелі өзің төлеп жібересің, жарты жыл шамасында мемлекет өтеп береді. Қырғызстан да бізден фильтр сұрады, бірақ олар өздерінің қалаған маркасымен алғысы келді. Сол мақсатта біздің зауытқа келіп, өндіріспен танысты. Кейін өзара сәтті мәміле жасастық. Сонда жалпы көлемі 10-20 мың доллардың экспортын жасадық. Сонымен бірге, Қазақстанның өзі ішінен де біздің өнімдерге сұраныс қатты өсті. Соның өзінде біз ішкі тұтынудың 8-10 пайызын қамтамасыз етеміз.

Енді сіздердің шығарып жатқан өнімдердің сапа мәселесіне келсек…

– Өзімізде жеке зертхана болмаса да сағат сайын сапасын айырықша қадағалап, тексеріп отырамыз. Сапамызды жоғары деп сеніммен айта аламыз. Себебі, зауыттарымыз механикалық тазалауға арналған көбікті полипропилен картридждерін жаппай өндіруге арналған жоғары технологиялық жабдықтармен жарақталған. Сапаны өсіре түсу үшін көбірек ресурс салуға, нәтижесінде өнімнің құнын өсіруге тура келеді. Онда халық «мынау өзімізден шығады, соның өзінде қымбат» дейді. Сосын қытай мен орыстың фильтрлеріне қараймыз да, сапа мәселесінде тура соның ортасын ұстауға тырысамыз. Ең бастысы тұтынушылар біздің өнімімізді ұнатып жатыр. Кері шағым келіп түскен емес. Бұған дейін тапсырыс бергендер тағы да тапсырыс жіберуде. Соған қарағанда, біз дұрыс жолда келе жатқан сияқтымыз. Әрине, кейде ірі компаниялар «бізге жіберетін нұсқасының сапасын жоғарырақ қылыңызшы» дейді, біз ондайда шикізатты көбірек салып, жібереміз. Ақтаудағы «Каспий» су тұшыту зауытына жеткізіп отырамыз. Сол зауыттың басшылары хабарласып «фильтрлеріңізді Ресейдегі зертханаға жіберіп, тексерейікші, егер өтіп жатса, тұрақты түрде сіздерден алып тұрайық» деді. Қазір сол зауыт басшылығының өтініші бойынша, фильтрдің бірнеше түрін Ресейге жіберуге дайындап отырмыз.

Фильтрлерді қолдану мерзімі қандай?

– Егер үйде пайдаланса 3-тен 6 айға дейін жарайды. Зауыттарда қолданса 30 күнге жарайды. Нақты су өтімділігі бар, сол біткен кезде ауыстырып отыру қажет. Қай елдің фильтрін қойсаң да бәрі бір көрсеткішті көрсетеді, бәрі сол құм мен татты ұстайды. Жалпы, су тазартудың төрт негізгі кезеңі болады. Алдымен құм мен топырақты тазалайды, сосын хлор мөлшерін азайтады, одан кейін активтендірілген көмірдің көмегімен судың иісін және түсін жақсартады, төртінші кезең – кері осмостық жүйе, яғни судың тек молекуласы ғана өтеді. Біз қазір бірінші кезеңдегі фильтрлерді шығарамыз. Активтендірілген көмірді де шығарамыз. Ол зауытты былтыр сатып алдық. Судың түсі мен иісін кетіретін фильтрді де өндіреміз. Келесі жылғы жоспарымыз – кері осмостық мембрана шығару. Ол мембрананы тек Қытай шығарады. Орыстар оны Қытайдан өз маркасымен алады. Егер мембрананы алып келсек, онда біздің еліміз ешкімге тәуелді болмай, лай судан таза су шығарып іше алатын болады.  

Болып жатқан геосаяси жағдайлар сіздің өндіріске қалай әсер етіп жатыр?

– Соңғы жағдайларға байланысты пластик бағасы түсіп кетті. Олар бізге шикізатты өте төмен бағамен сатып жатыр, соған байланысты біздің бағамыз қазір – 160 теңге. Ресейден келетін баға – 180 теңге, Қытайдан келетін баға – 182 теңге. Бізден 160 теңгеге алған адамдар бөлшек нарықта 300 теңгеден бастап 1000 теңгеге дейінгі аралықта сатып жатады. Ал біз зауыт ретінде тек көтерме саудаға ғана басымдық береміз. Ішкі нарықта көп сұраныс Астана, Қарағанды, Қостанай, Көкшетау, Ақтау, Шымкент қалаларынан түседі. Клиенттеріміз – негізінен жылу-энергетикалық кешендер, су тазалаумен айналысатын компаниялар, сервистік қызметтер көрсететін мамандандырылған дүкендер. Осыған дейін бәрі тек қана ресейлік компаниялардан алып келген. Қазір отандық жылу электр орталықтары біздің фильтрлерді ғана пайдаланып отыр. Бізге Африкадан да ұсыныстар келіп жатыр, бірақ ол жаққа тауар жөнелту – логистика тұрғысынан тиімсіз. Сондықтан сыртқы нарық бойынша негізгі мақсатымыз – Орталық Азияға толыққанды шығу. 

Кәсіп аясын кеңейту бойынша қандай жоспарыңыз бар?

– 2020 жылдан бері осы жағдайды ойластырып келе жатырмын. Қазіргі уақытта активтендірілген көмір шығаратын зауытты іске қосып қойдық. Екіншісі – түйіршіктелген көмірді қоқым түрінде шыныға салып, шығарып жатырмыз. Оның нарықтық аумағын арттыру мақсатында мәселесін шешіп жатырмыз. Сонда үш зауыт жұмыс істеп тұр. Біреуі модернизациядан өтіп жатыр. Қазір күніне 1500 фильтр шығарса, енді модернизациядан кейін 4500 фильтр шығарады. Сонда біз біртіндеп нарықтың 30-35 пайызын иеленетін боламыз. Активтендірілген көмірді бізде «Шұбаркөлкөмір» ғана өндіреді екен және олар көмірдің бұл түрін шығаруды 2022 жылы ғана бастаған. Соларға хабарластық. Қазір айына 1 тонна көмір алып тұрмыз. Тағы бір айта кетерлік нәрсе – маман тапшылығы. Мұндай өндірісі елімізде алғаш рет қолға алынып отырғандықтан, білікті кадр жетіспейді. Сол себепті өзіміз үйретіп, жаңа білікті кадрларды нарыққа қосып жатырмыз.

Сондай-ақ оқыңыз