Ұлттық банк шешімі теңге бағамына оң әсер етті ме?

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Ұлттық банк дүйсенбі күні квазимемлекеттік компанияларға валюталық түсімінің 30 пайызын сатуын міндеттеу уақытша тоқталатынын хабарлады. Яғни нарықта доллар азаяды деген сөз. Соған қарамастан, ұлттық валюта бір күнде біршама нығайды. Өткен аптада бағамы 461 теңгеден саудаланған АҚШ доллары қазір Қазақстан қор биржасында 452,4 теңгеден сатылып жатыр.

Бірінші несие бюросы сарапшыларының жазуынша, бұл – теңгенің кейінгі 13 айдағы рекорды.

Бүгін доллардың ресми бағамы 9,37 теңге төмендеп, 452,34 теңгені құрады. Ал еуро бағамы 8,64 теңге арзандап, 493,05 теңгені құрады. Ал рубльдің құны 15 тиын кеміп, 4,8 теңге болды.

Еуропа мен АҚШ валюталарының бағасы 2022 жылдың 1 шілдесінен бері бұлай арзандамаған.

Ел Үкіметі 2023 жылдың ақпан айында валюталық түсімді міндетті сату нормасы 75%-дан 50%-ға дейін, ал 2023 жылғы шілдеден 50%-дан 30%-ға дейін төмендеткен еді.

Айта кетейік, шілде айында квазимемлекеттік сектор субъектілері шамамен 195 млн АҚШ долларына тең валюталық түсім сатқан.  

Сондай-ақ оқыңыз