LRT құрылысы: Астанада Сығанақ көшеcіндегі қозғалыс 3 айға жабылады

Жарияланды
LRT
Астанада LRT құрылысы жүріп жатыр / shutterstock

LRT желісінің құрылыс жұмыстары Астанадағы Сығанақ көшесінің бойында жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты осы көшенің бойында қозғалыс ішінара үш айға шектеледі. Бұл туралы елорда әкімдігі хабарлады.

Ақпаратқа сәйкес, осы көшенің бойындағы Сауран көшесі мен Ақмешіт көшесінің қиылыстарында монолитті темірбетон балкаларын орнату жұмысы жүргізіліп жатыр.

«Осыған байланысты, 25 тамыздан бастап Сығанақ көшесінің бойымен, нақтырақ айтқанда Қабанбай батыр даңғылынан Түркістан көшесіне дейінгі (оңтүстік жағы) қозғалыс толығымен тоқтатылады және Сығанақ көшесінің бойымен Түркістан көшесінен Қабанбай батыр даңғылына дейінгі аралықта (солтүстік жағы) қозғалысқа ішінара шектеу (екі жолақ) енгізіледі. Шектеу мерзімі 30 қарашаға дейін созылады», делінген хабарламада.

Айта кету керек, осы учаскеден өтетін қоғамдық көлік бағытында өзгеріс болмайды.

LRT құрылысының барысы туралы жаңалықтар @cts_kz парақшасында жарияланады.

«Қала тұрғындары мен көлік иелері жағдайға түсіністікпен қарауды және өз бағыттарын алдын ала жоспарлауды сұраймыз», – делінген CTS хабарламасында.

Шілде айында Астананы дамыту жөніндегі кеңесте Қасым-Жомарт Тоқаев LRT құрылысын тездетіп аяқтауды тапсырғанымен нәтиже шықпағанын айтқан болатын.

«Мен қаңтарда LRT-ға қатысты жұмысты тездетіп аяқтауды тапсырдым. Нақты мерзімдер айқындалды. Тұрғындарға уәде берілді. Енді осы жобаны дер кезінде аяқтау керек. Бұл жұмысқа біраз қаражат бөлінді. Бірақ, нақты нәтиже жоқ», деген еді ол кеңесте.

10 тамыз күні LRT жүйесін іске қосу мерзімі 2025 жылға дейін шегерілген CTS (City Transportation Systems) ЖШС-нің басқарма төрағасы Ғани Тәжиев мәлім еткен еді. Оның айтуынша, LRT жүйесін іске қосуды жеделдету мақсатында жоба екі кешенге бөлінген. Бірінші кешен 2025 жылға қарай пайдалануға мүмкіндік береді. Оның құны 1 млрд 152 млн доллар немесе 61% болатын алғашқы іске қосу кешенінде 8 станцияны толық аяқтау көзделген.

Сондай-ақ оқыңыз