«Болашақтың архитекторлары» қорының жетекшісі Марат Әбиев сотталды
21 тамызда Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты «Архитекторы будущего» заңсыз қорының негізін қалаушыға қатысты үкім шығарды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Ә. қызметі азаматтарды құқыққа қайшы әрекеттер жасауға ынталандырумен ұштасатын қоғамдық бірлестікті (ҚК 404-бабының 1-бөлігі), сондай-ақ қоғамдық шараларды өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті бұзу қаупін тудыратын жалған ақпарат таратумен айналысқан қоғамдық бірлестікті құрды және оған басшылық жасады (ҚК 274-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы) деп айыпталды.
2019 жылы А. ауыл шаруашылығын дамыту, дәнді-бұршақты және майлы дақылдарды, оның ішінде тұқым шаруашылығын өсірумен айналысатын компания құрды. 2020 жылдың мамыр-маусым айларында ол Канададан Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының егістіктеріне егілген ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымын әкелді.
2020 жылдың тамыз айында нақты өнімділікті білмей тұрып, егін жинауға дейін, оның компаниясының тиімділігі туралы азаматтарда жалған түсінік қалыптастыру мақсатында А. «Архитекторы будущего» фильмін түсірді.
Бұл фильмде 35-50 ц/га көлемінде бидай егінінің орасан зор нәтижелерін алу туралы көрінеу жалған ақпарат айтылған, бұл Қазақстан бойынша өнімділіктің 400 пайызына жоғары. Алайда, 2020 жылы нақты жиналған бидай өнімі тек 11,44-тен 20,4 ц/га-ға дейін болды.
2020 жылдың қыркүйегінде А. аталған фильмде таратылатын ақпараттың жалған екенін түсіне отырып, оны «YouTube» – те жариялады.
Сонымен қатар, 2020 жылдың қазан айында ол мемлекеттік органдарға өз компаниясының жобасын жүзеге асыру үшін егістік жерлерді беруді талап еткен.
Осы өтініште ол сондай-ақ Солтүстік Қазақстан бойынша көрсеткіштен 4 есе асатын Канададан алынған тұқымдар негізінде қол жеткізген өнімділігі туралы көрінеу жалған ақпаратты көрсетті.
Бұдан әрі А. 2021 жылғы қаңтарда ҚР бойынша 15-тен астам филиал аша отырып, «Genezis» қауымдастығын («Архитекторы будущего» қоры) заңды тіркеусіз құрды.
Осы бірлестіктің қызметі аясында А. Үкіметке 5 млн. гектар жер беруді талап етіп, петицияға қол жинауды ұйымдастырған. Барлығы 300 мыңға жуық адам адастырылып, петицияға қол қойған.
2022 жылғы 8 мамырда тегін концерт түріндегі митинг өткізу мақсатында Қазақстанның түкпір-түкпірінен «Genezis» бірлестігінің қатысушыларын Астана қаласына шақырған. Алайда, іс-шара өткізілген жоқ.
Әрі қарай, 2022 жылдың 26 қарашасында А. Астана қаласындағы түнгі клубта 300-ден астам адамды жинап, онда «Архитекторы будущего» фильмін көпшілік алдында көрсетіп, оның жобасын мақұлдауды талап ету мақсатында жиналғандарды Ақорда бағытында митингке шығуға шақырды.
Заңсыз акцияға қатысушыларды құқық қорғау органдары ұстады.
Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, мамандардың қорытындыларымен, жүргізілген сараптамалармен, заттай дәлелдемелермен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.
Сот үкімімен А. ҚК-нің 274-бабы 4-бөлігінің 2-тармағында, 404-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
Ол қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша 5 жыл мерзімге қоғамдық бірлестік құруға және басқаруға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырыла отырып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.