KAZ Minerals мыс, күміс және мырыш өндірісін арттырды

Жарияланды

Фото: kazminerals.com

2023 жылдың бірінші жартыжылдығында KAZ Minerals Тобы мыс, күміс және мырыш өндірісін арттырса, алтын өндірісі аздап кеміген. Компания жыл басынан бері 200 мың тонна мыс өндірген. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстығанда 11 пайызға артық.

Компания таратқан ақпаратқа сәйкес, мыс өндірісінің артуына Ақтоғайдағы екі сульфидті фабриканың жоғары өнімділігі себеп болған. Кәсіпорындардың өткізу қабілеті мен мысты бөліп алу деңгейі артыпты.

Сонымен қатар, күміс өндірісі 14 пайызға өскен. Бұл күміс өндірісі кендегі металл мөлшерінің жоғары болуына байланысты. Оған қоса концентраттағы мырыш өндірісі кендегі металл үлесінің жоғарылауы мен бөліп алу коэффициентінің жақсаруы себебінен 24% көбейген.

Ал алтын өндірісі Бозшакөл және Бозымшақ кен орындарында кендегі металл мөлшері төмендеуіне байланысты 8% қысқарған.

Компания дайын өнімнің жинақталған қорларын сатуды жалғастырып жатыр. 2023 жылдың бірінші жартысында 223 мың тонна мыс сатылған. Бұл өндіріс көлемінен 23 мың тоннаға артық.

КAZ Minerals Limited – Қазақстандағы ірі, азшығынды карьерлік типтегі тау-кен өндірісін дамытуға бағытталған, өсу әлеуеті зор мыс өндіруші компания.

Топ операциялық іс-қызметін Абай облысында орналасқан Ақтоғай және Павлодар облысындағы Бозшакөл ашық кеніштерде, сонымен қатар, Шығыс Қазақстан, Абай облыстарындағы үш кеніш пен кен байыту фабрикаларында және Қырғызстандағы Бозымшақ мыс-алтын кенішінде жүргізеді.

KAZ Minerals компаниясын толықтай Nova Resources BV компаниясы сатып алған. 2021 жылғы 11 мамырда Компания Лондон және Қазақстан қор биржаларының тізілімінен шығарылған.

Директорлар кеңесінің құрамында, компания Президенті, атқарушы емес директор Владимир Ким бар. Ол Forbes рейтингінде Қазақстандағы ең дәулетті адам ретінде 1-ші орында тұр. Байлығы 4,6 млрд долларға бағаланған.

Бұған дейін KAZ Minerals Ресейдегі активтерін еншілес компанияға сатқанын хабарлаған.

Сондай-ақ оқыңыз