Астанада бұрынғы көліктегі бас санитар дәрігер Сәдуақас Байғабыловқа қатысты сот өтіп жатыр
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Ұлттық сараптама орталығының төрағасының бұрынғы орынбасары Сәдуақас Байғабылов пен Жетісу облысындағы Ұлттық сараптама орталығының директоры болған Асхат Манкеевке қатысты сот процесі өтіп жатыр. Олардың үстінен арызды елдің бас санитар дәрігері болған Ерлан Қиясов жазған.
Қазір Қиясов денсаулық сақтау министрлігіне қарасты санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Ұлттық сараптама орталығының басқарма төрағасы қызметін атқарады.
Сәдуақас Байғабыловқа қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі (ірі мөлшердегі алаяқтық), Асхат Манкеевке 24-бабы 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу), 367-бабы 2-бөлігі (пара беру) бойынша айып тағылған.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында Асхат Манкеев қызмет бойынша ауысу мақсатымен өзінің басшысы Сәдуақас Байғабыловқа ақша қаражатын бергені анықталғанын хабарлады.
Сот отырысына Ерлан Қиясов куәгер ретінде қатысты. Айтуынша, 5 мың доллар туралы оған Манкеев хабарласып айтқан.
«2023 жылдың 3 ақпанында Асхат Манкеевпен телефон арқылы сөйлестім. Әңгіме барысында 5 мың доллар туралы сөз болды. Оның қандай ақша екенін сұрадым. Маған өз орынбасарым Сәдуақас Байғабыловтан сұрау қажет екенімді жеткізді», – деді Ерлан Қиясов.
Содан кейін Қиясов Сәдуақас Байғабыловты шақырып, Манкеевтің мәлімдемесі туралы сұраған.
«Ол хабары жоқ екенін, ақша алмағанын айтты. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты заңға сәйкес, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне, яғни басшылыққа хабар беруім керек екенін жеткіздім. Комитет төрағасымен сөйлескеннен кейін жауапты органға жүгіну туралы шешім қабылданды», – деді Қиясов.
Қиясовтың үш орынбасары бар. Айтуынша, олар ведомствоға қарасты қызметкерлердің бір қызметтен екінші қызметтен ауысуға қатысты шешім қабылдай алмайды. Оның барлығы конкурс арқылы жүргізіледі.