ТЖМ қызметкерлері пара алудан тыйылар емес – Антикор

Жарияланды
Коллаж: kursiv.media

ТЖМ-де сыбайлас жемқорлықтың 70% бөлімше басшыларымен жасалған. Бұл жайлы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің төрағасы Асхат Жұмағали мәлімдеді.

Мекеме басшысының айтуынша, Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелерінің әрбір екінші басшысы сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтар жасайды. Оған дәлел соңғы 5 жылда азаматтық қорғау органдарында 150-ге жуық сыбайлас жемқорлық фактілері тіркелген. Сыбайлас жемқорлық қылмыстары еліміздің барлық өңірінде тіркелген. Мұндай қылмыстар әсіресе Алматы, Астана, Шымкент секілді ірі қалалар мен Қостанай және Алматы облыстарында жиі жасалады.

Анықталған қылмыстардың ішінде парақорлық пен жымқыру фактілері басым.
«Заңсыз сыйақы» өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тексеру актісіне қол қою кезінде, оқудан өткізу, рұқсат беру және жұмысқа орналасу үшін беріліп отырған.

Агенттік төрағасы атап өткендей,жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстарға қарамастан, ТЖМ қызметкерлері пара алудан тыйылар емес.

«Күні кеше Жетісу облысында жергілікті ТЖ бөлім басшысының жұмысқа кірген адамнан ақша алғаны анықталды. Бүгінгі іс-шараның өтетінін біле тұра, сонда да қылмысқа барып отыр. Бұл орайда профилактикалық тұрғыда нақты әрекет ету қажет. Қызметкерлердің мінез-құлқын түзетіп, психологиялық көзқарасын өзгерту маңызды», дейді Асхат Жұмағали.

Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы, Шымкент қаласының және Жетісу облысының департамент басшылары ұсталған болатын.

Олар өртке қарсы қауіпсіздік саласындағы қамқорлығы үшін кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алып отырған. Олар тексерілетін ұйымдарды келісімшарт жасасу жолымен қызметтерді сатып алуға және олар бойынша уақтылы ақы төлеуін қамтамасыз етуге мәзбүрлеген деп күдіктеледі.

Басшылық құрамның қатысуымен болған сыбайлас жемқорлық фактілері Алматы қаласында, Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркелді.

Өз кезегінде, Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов жоғарыда аталған фактілерді мойындап, ведомствоның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту үшін түбегейлі қадамдар жасайтынын мәлімдеді.

«Бұл біздің қызметкерлер үшін жаға ұстатарлық жағдай. Аталған адамдар белгілі бір жетістіктерге қол жеткізген үздік қызметкерлердің қатарынан болатын. Дегенмен осы жағдайда олардың біз білмеген теріс қасиеті – екіжүзділігі әшкереленді. Айтылып өткен деректерге қатаң сынмен қараймыз. Бұдан біз тиісті сабақ аламыз, қарапайым өрт сөндірушілер бізге сеніммен қарауы керек», деді министр.

Төтенше жағдайлар министрлігіне жеке құрам арасында жүргізілетін алдын алу жұмыстарын күшейту ұсынылды.

«Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізіп, проблемалық учаскелерді зерделеу, сондай-ақ ведомствоның барлық қызметкерлерін адалдық тұрғысында тексеруді апробациялау қажет», – деді Асхат Жұмағали.

Сондай-ақ оқыңыз