Әйгілі Morgan Stanley-ге 5,4 миллион фунт стерлинг айыппұл салынды
Британдық энергия нарығын реттеуші Ofgem қызметтік байланыс ережелерін бұзғаны үшін Morgan Stanley-ге 5,4 миллион фунт немесе 6,9 миллион доллар айыппұл салды, деп хабарлайды interfax.kz
Реттеушінің хабарламасына сүйенсек, Morgan Stanley трейдерлері жеке телефондарына орнатылған WhatsApp қосымшасы арқылы энергия нарығындағы транзакцияларға қатысты хат алысып отырған.
Мұндай ереже бұзу 2018 жылдың қаңтарынан 2020 жылдың наурызына дейін тіркелген.
Morgan Stanley ережелері қызметкерлерге сауда мәмілелеріне қатысты коммуникацияда WhatsApp-ты пайдалануға тыйым салады. Алайда бұл ереже сақталмаған.
«Morgan Stanley ережелері қызметкерлерге сауда транзакцияларына қатысты келіссөздер үшін WhatsApp-ты пайдалануға тыйым салады, бірақ банк өзінің ережелері мен реттеуші талаптарының сақталуын қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдаған жоқ», – деп хабарлады Ofgem.
Реттеуші Morgan Stanley заң бұзушылықтарды мойындағанын, сондықтан айыппұл сомасына 30% жеңілдік алғанын атап өтті.
Сондай-ақ банк болашақта мұндай бұзушылықтарға жол бермеу үшін шаралар қабылдады.