Пригожиннің ақыры: Ресейде қарулы көтеріліс жасаған «Вагнер» басшысы ұшақ апатынан қаза тапты

Жарияланды

Сәрсенбі күні кеште Евгений Пригожиннің жеке ұшағы апатқа ұшырап, ішіндегі 10 адам қайтыс болды. Дүние жүзіндегі ұшақтардың ұшу бағытын бақылайтын Flightradar24 қызметі Пригожиннің бизнес-джетінің дәл қай уақытта құлағанын анықтады.

Глава ЧВК «Вагнер» Евгений Пригожин погиб в авиакатастрофе спустя два месяца после вооруженного похода на Москву
Фото: Ашық дереккөздерден

Әуеге көтерілген соң шамамен жарты сағат уақыттан кейін құлаған. Flightradar24 мәліметіше, Пригожиннің Embraer Legacy 600 ұшағы Мәскеу уақытымен 17:46-да әуеге көтерілген. Ал 18 сағат 19 минутта күрт құлдилай бастаған.

Пригожинмен бірге бортта оның қоластындағы қызметкерлері, «Вагнер» әскери құрылымының басшылары да болған. Олар – Дмитрий Уткин, Валерий Чекалов, Сергей Пропустин, Александр Тотмин және Евгений Макарян. Бұл адамдардың барлығы украиналық «Миротворец» базасында «Вагнердің» жалдамалы жауынгерлері тізіміне енгізілген.

Ұшақта сонымен бірге экипаж мүшелері Левшин Алексей командир, Каримов Рустам екінші ұшқыш және стюардесса Распопова Кристина болған. Апатта барлығы қаза тапты.

Көптеген басылымдар бұл апаттың кездейсоқтық еместігін жазуда. Соған қатысты түрлі пікірлер айтылып жатыр. Ұшақтың құлауына зымыран себеп деген нұсқа жиі айтылуда. Көпшілік мұны «Путиннің кек қайтаруы» деп жазды. Көптеген сарапшылар Ресейде әскери көтеріліс жасаған Пригожиннің қатесін Путин кешіре алмағанын жазуда. Өз кезегінде бұл оқиғаға қатысты АҚШ президенті Байден де пікір білдірді.

«Мен бұл оқиғаға еш таңғалмаймын. Ресейде Путиннің қатысуынсыз ештеңе болмайды», деп жауап берген ол журналистердің сұрағына.

Естеріңізге сала кетсек, Ресейде, «Вагнер» жеке әскери компаниясының басшысы Евгений Пригожин көтеріліс ұйымдастырды.

Жағдай 23 маусым күні ушықты. Сол күннің кешінде «Вагнер» жетекшісі Евгений Пригожин Ресей Қорғаныс министрлігін өзінің жалдамалы әскерінің «арттағы лагерлеріне» зымырандық шабуыл жасады деп айыптады. Осыдан кейін «Вагнер» жетекшісі кек қайтаратынын мәлімдеді.

Ал Пригожиннің баспасөз қызметі қызметі әскрилерді бұл жағдайға араласпауға шақырып, «жалдамалыларды тоқтатуға тырысқандардың әскери техникасын қиратамыз» деп үндеу жариялады.

Өз кезегінде Ресей президенті халыққа үндеу жариялап, елдегі бірлікті ыдыратуға бағытталған әрекеттерді діннен безу деп бағалады. Ал Пригожинді елді анархияға, аласапыранға итермелеп жатқанын, соңында жеңілетінін айтқан.

Кейін «Вагнер» жеке әскери компаниясының басшысы Евгений Пригожин Мәскеуге шабуылдау ниетінен бас тартты.

Ресей әскері бір күндік қақтығыста Ил-22ВзПУ ұшағын (әуе басқару бекеті), үш Ми-8 электронды соғыс тікұшағын, Ми-35 тікұшағын, Ка-52 тікұшағын, «Тигр» жауынгерлік көлігін және әскери КамАЗ көлігін жоғалтты.

Сондай-ақ оқыңыз