Ұлттық банк үш жылда тұңғыш рет базалық мөлшерлемені төмендетіп, 16,5% деңгейінде бекітті
Ұлттық банк соңғы үш жылда тұңғыш рет базалық мөлшеремені 16.5% деңгейіне дейін төмендетті. Бұл жайлы банктің баспасөз қызметі хабарлады.
Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, реттеушінің мақсаты баға тұрақтылығын қамтамасыз ету.
«Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені инфляция бойынша ортамерзімді кезеңде 5% мақсатқа жетуге ықпал ететін деңгейде белгілеуге тырысады», деді Ғалымжан Пірматов.
5 шілдеде өткен кеңесте реттеуші базалық мөлшерлемені 16,75 деңгейінде сақтап қалған болатын. Мұның себебін банк әлемдік нарықта болып жатқан жағдайлармен баланыстырды. Атап айтқанда, банк жаһандық инфляциялық қысым бәсеңдегенімен, бірқатар елде инфляция әлі де орнықты күйінде қалғанын алға тартты. Сондай-ақ дамыған елдердің орталық банктері монетарлық саясатты қатаңдатуына байланысты базалық мөлшерлемені сол күйінде қалдыру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Оның үстіне проинфляциялық тәуекелдер, негізінен, ішкі факторлар жағынан сақталатыны айтылды.
Жақында Ұлттық банк басшысы Ғалымжан Пірматов тамыз кеңесінде базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін қарастыратнынын айтты.
«Біз инфляцияның төмендеуі базалық мөлшерлеменің төмендеуіне жағдай жасай бастағанын көріп отырмыз. Келесі шешім болжамдарды жаңартумен және жаңа деректерді талдаумен қатар жүргізіледі. Осыны ескере отырып, тамыз айында базалық мөлшерлемені төмендетудің орындылығын қарастырамыз», деген болатын Пірматов.
Негізінен Ғалымжан Пірматов шілде кеңесіне дейін де Ұлттық Банктің екінші жартыжылдықта базалық мөлшерлемені бірқалыпты және байыппен төмендету мүмкіндігін қарастыратынын айтқан болатын. Бірақ базалық мөлшерлеме төмендеген жоқ.
Десе де, сарапшылар базалық мөлшерлемені түсіретін уақыт келгенін айтты. Өйткені инфляция динамикасы төмендеген. Halyk Finance бас сарапшысы Асан Құрманбеков жыл соңына қарай инфляция 12%-ға дейін бәсеңдеп, базалық мөлшерлеме оңтайлы 15%-ды құрайтынын айтты.
Көптеген сарапшылар Ұлттық банктің ақша-несие саясаты комитетінің келесі отырысында базалық мөлшерлеме 50 пайыздық тармаққа, яғни 16,25%-ға дейін төмендейді деп топшылады.
Жалпы Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өткен жылы 10,25%-дан 16,75%-ға дейін көтерді. Содан кейін бес рет өткен кеңесте базалық мөлшерлеме өзгермеген болатын.
Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 2023 жылғы 6 қазанда шығады.